Мемлекеттік басқарудың жаңа түрі

Н.Назарбаев: Енгізілетін өзгерістердің бәрі еліміздің дамуына ерекше серпін береді

Елбасы Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысына қатысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Астана қаласы01 Наурыз , 17:11

Мемлекет басшысы бүкілхалықтық талқылауға шығарылған конституциялық реформалар жобасына қатысты ұсыныстарды жинақтау, пысықтау, талдау және талқылау жөнінде жұмыс тобы ауқымды жұмыс атқарғанын атап өтті.

«Өзімнің конституциялық құқығымды пайдалана отырып, мен референдумға шығармай-ақ, Парламентте талқылау арқылы Негізгі заңға өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдадым,» – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев енгізілетін өзгерістердің бәрі еліміздің дамуына ерекше серпін беретінін және бұл қадам біз үшін маңызды екенін атап өтті.

«Біз Қазақстанның саяси моделін – президенттік республиканы сақтап қалатынымызды айтып өткен жөн. Мемлекеттік басқару жүйесі заман талабына сай икемді болуға тиіс. Жүргізілген реформалар нәтижесінде билік өкілеттіктерінің бір бөлігі биліктің бір тармағынан екіншісіне беріліп, өкілді органдардың Үкімет пен атқарушы органдарға қатысты жүргізетін бақылау функциялары күшейтілетін болады, бұл оларды кәсібилендіруге және халық билігі қағидаттарын бекітуге бағытталады. Бізге халқымыздың болашағы үшін маңызды құжат мәселесін шешу керек, бүкілхалықтық талқылаудың қорытындысын шығарып, оны Парламенттің қарауына енгізу мерзімін анықтау қажет. Конституцияның 23 бабына және заңдарға 35 өзгерту енгізілетіні белгілі болды. Енгізілетін өзгерістердің басты мәні – Президенттің бірқатар өкілеттіктерін биліктің басқа тармақтарына қайта бөлу», – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы басқарудың президенттік моделінің табыстылық факторына, соның арқасында еліміздің әлемдік қоғамдастықта танымал болғанына, халықтың әл-ауқатының артып, оны бұдан әрі жақсарту жөнінде жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқанына қатысушылардың назарын аударды.

«Елімізде іске асырылып жатқан Бес институционалдық реформаға және Қазақстан халқына арналған жаңа жолдауға сәйкес, республикамыздың саяси жүйесі де нақты өзгерістерді қажет етіп отыр», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жұмыс тобының жетекшісі Қазақстан Президентіне Конституциямен қатар, ел заңдарына да өзгерістер енгізуді көздейтін билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөнінде ұсыныстар әзірленіп жатқаны туралы баяндады.

«Жұмыс тобының мүшелері бүкілхалықтық талқылау барысында келіп түскен ой-пікірлердің, сауалдар мен ұсыныстардың бәрін тіркеді. Президент Әкімшілігі кез келген азаматтың өз материалын жолдауы үшін арнаулы пошта мекен-жайларын ұйымдастырды. Жұртшылық ұсынылған реформаларды талқылау жөнінен жоғары белсенділік көрсетті. Ұсыныстар барлық өңірлерден, халықтың барлық тобынан келіп түсті. Ғалымдар, заңгерлер, қоғам қайраткерлері мен бизнес өкілдері түрлі ой-пікірлерін жолдады. Ұсыныстардың көп бөлігі талқылаудың соңғы күндерінде түсті. Мұның бәрі конституциялық реформаларды қоғамда талқылау жөніндегі Сіздің шешіміңіздің дұрыс болғанын көрсетіп отыр», – деді Ә.Жақсыбеков.




Яндекс.Метрика