Ұлтаралық бірлік

Қазақстанда Алғыс айту күніне орай, қайырымдылық акциялары бастау алды

Еліміздің барлық өңірінде, Астана мен Алматы қалаларында, Алғыс айту күніне арналған қайырымдылық шаралары өтуде, деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Казахстан01 Наурыз , 15:56

28 ақпан мен 3 наурыз аралығы халықтың барлық әлеуметтік әлсіз топтары саналуан әлеуметтік қолдау түрлерімен қамтылатын болады. Бұл дегеніңіз, зейнеткерлер, жастар, студенттер, оқушылар, мектеп жасына дейінгі балалар, тұрмысы төмен, толық емес және көпбалалы отбасылар, Ұлы Отан соғысы ардагерлері, жетім балалар, мүгедектер және тағы басқа жандар.

Алғыс айту күнін мерекелеу аясында, қайырымдылық мақсаттағы түскі астар, түрлі қызметтерді тегін көрсету (моншаға, шаштаразға бару, қоғамдық көлікте жол жүру), мерекелік концерттер, көрмелер, байқаулар, спорттық сайыстар ұйымдастыру жоспарланған.

Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында, мемлекеттік мекемелер мен бизнес-құрылымдар өкілдері әлеуметтік әлсіз саналатын азаматтарға азық-түлік қоржындары, тұрмыстық техника және киім-кешек түрінде көмек қолын созатын болады. Сонымен қатар, оларға шаштараз және медициналық қызметтер, қоғамдық көліктегі сапарлар ақысыз сипатта ұсынылады деп күтілуде.

Өскемен қаласында, 1 наурыз күні, «Халық бірлігі – ел тыныштығы» акциясы аясында жас мамандарға пәтер кілтін салтанатты табыстау рәсімі шымылдығын түріп, аз қамтылған отбасыларға азық-түлік қоржындары үлестіріледі. Сондай-ақ, аталған қалада, «Ардагерлер – біздің мақтанышымыз!» жастар акциясы жалауын желбіретіп, оқушылар мен студенттерге «Бір ел – бір тағдыр» деректі фильмі көрсетіледі.

Атырау облысында аз қамтылған отбасыларға, жетім балалар мен ата-ана қарауынсыз қалған жеткіншектерге қайырымдылық акциясын өткізу болжанған.

Ақтөбе қаласында зейнеткерлер мен жетім балаларға, аз қамтылған отбасылар мен қарттар үйінде тұрып жатқан ардагерлерге қайырымдылық дастарханы жайылады. Облыстың аудан орталықтарында, жеке кәсіпкерлер, аз қамтылған азаматтарға моншалар мен шаштараздарға тегін бару мүмкіндігін қамтамасыз етіп, қоғамдық көлікте бір күн тегін жүруді қарастыратын болады.  Астана қаласында өткізілетін 27 қайырымдылық шарасы барысында, қала мен Ақмола облысының жақын маңдағы аудандарында орналасқан әлеуметтік әлсіз халық топтарынан 1100 адам қамтылады деп көзделген. Аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленудегі балаларға мұхитаралға саяхат жасалып, киім-кешек пен аяқкиім сыйға тартылады.

Елдегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде концерттер, көрмелер, спорттық сайыстар мен мерекелік түскі астар ұйымдастырылады.

 Еске сала кетер болсақ, Мемлекет басшысының 2016 жылдың 14 қаңтарындағы Жарлығымен, Қазақстанда 1 наурыз Алғыс айту күні тағайындалды. Бұл күні Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын.

 

 




Яндекс.Метрика