Мемлекеттік басқарудың жаңа түрі

Қазақстанда Конституцияға өзгерістер енгізуді бүкілхалықтық талқылау қалай өтті (ШОЛУ)

Қазақстанда ҚР Конституциясына өзгерістер енгізуді бүкілхалықтық талқылау аяқталды. Өткен айда жұмыс тобы құрылды, халықаралық сарапшылар өз пікірлерімен бөлісті. Бүкілхалықтық талқылау қорытындылары бойынша «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы пысықталып, Мемлекет басшысына ұсынылады, деп хабарлайды BNews.kz.
Астана қаласы01 Наурыз , 11:36

Бір ай бұрын, 26 қаңтарда, ресми БАҚ-та «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын бүкілхалықтық талқылау туралы» ҚР Президентінің Өкімі, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасы жарияланған болатын.

 

Қазақстан Республикасы Президентінің Өкімі

 

Нұрсұлтан Назарбаев қолданыстағы заңнан Президенттің бірқатар өкілеттіктерін алып тастау көзделетін «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын бүкілхалықтық талқылауға шығару туралы өкім жариялады. Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізуді бүкілхалықтық талқылау 26 ақпанда аяқталды.

Ұсынылған өзгерістерге сәйкес, Президент Парламент Мәжілісінде өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациялардан кейін келісім беру үшін Мәжілістің қарауына Республика Премьер-Министрінің кандидатурасын енгізеді; Парламент Мәжілісінің келісімімен Республика Премьер-Министрін қызметіне тағайындайды.

Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Премьер-Министр енгізген ұсынумен Үкіметтің құрылымын айқындайды, Президент дербес тағайындайтын және босататын сыртқы істер және қорғаныс министрлерін қоспағанда, Үкімет мүшелерін қызметіне тағайындайды және қызметінен босатады.

Үкімет мүшелерінің антын қабылдайды; ерекше маңызды мәселелер бойынша қажеттігіне қарай Үкімет отырыстарына төрағалық етеді; облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жояды не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұрады.

Ұсынылған өзгерістерге сәйкес, Мемлекет басшысы адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүддесінде, күшіне енген заңды немесе өзге де құқықтық актіні Республика Конституциясына сәйкестігіне қарау, Қазақстан Республикасы Конституциясының 91-бабы 3-тармағында көзделген жағдайда қорытынды беру туралы Конституциялық Кеңеске үндеулерді жолдайды.

«Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тиісінше облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының келісімімен Республика Президенті қызметке тағайындайды. Өзге әкімшілік-аумақтық бөліністердің әкімдері қызметке заңда айқындалған тәртіппен тағайындалады немесе сайланады. Республика Президенті өзінің ұйғаруы бойынша әкімдерді қызметінен босатуға хақылы», - делінген ұсынылған түзетулердің бірінде.  

ҚР Президентінің функцияларынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламаларын бекіту, мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын барлық органдар үшін қызметкерлерге еңбекақы төлеу және бірыңғай қаржыландыру жүйесін бекіту алынып тасталады.

Үкімет алқалы орган болып табылады және өзінің қызметінде Республика Президентінің, Парламент Мәжілісінің және Парламенттің алдында жауапты болады деп болжанады.

Ұсынылған өзгерістерге сәйкес, үкімет мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабiлетiнiң, қауiпсiздiгiнiң, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етудiң негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады, сондай-ақ Республика Президентiнің келісімімен мемлекеттік бағдарламаларды бекітеді және олардың орындалуын қамтамасыз етеді.

Үкiмет құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдарды құрады, таратады және қайта ұйымдастырады, олардың басшыларын қызметіне тағайындайды және қызметінен босатады.

Мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын барлық органдардың қызметкерлері үшін еңбекақы төлеуді қаржыландырудың бірыңғай жүйесін Республика Президентiнің келісімімен бекітеді.

Сонымен қатар, Үкiмет қызметiнiң негiзгi бағыттары және оның аса маңызды барлық шешiмдерi туралы Президентке және Парламент Мәжілісіне баяндайды.

Өзгерістерге сәйкес, палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша Республика Үкіметі мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есептерін тыңдауға хақылы.

«Есепті тыңдау қорытындылары бойынша Үкімет мүшесі Республика заңдарын орындамаған жағдайда Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен оны қызметтен босату туралы Республика Президентіне өтініш жасауға хақылы. Мұндай жағдайда Республика Президенті Үкімет мүшесін қызметінен босатады», - делінген ұсынылған түзетулерде.

 

Жұмыс тобын құру

 

Мемлекет басшысының мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу туралы үндеуіне сәйкес, жұмыс тобы құрылып, ол ҚР Конституциясына Президенттің, парламенттің, үкіметтің сот және құқық қорғау органдарының өкілеттіктері туралы ережелерге талдау жүргізді. Нәтижесінде, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар әзірленді, олар Мемлекет басшысымен бірге талқыланып, кейін бүкілхалықтық талқылауға енгізілді.  

Сарапшылар атап өткендей, жұмыс тобының отырысы барысында конституциялық реформа Қазақстанның дамыған демократия құру жолында одан әрі ілгерілеуіне ықпал етеді.

10 ақпанда Ақордада ҚР Президентінің шешімімен құрылған мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының үшінші отырысы өтті. Отырыста «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасын бүкілхалықтық талқылаудың аралық қорытындылары қаралды.

Қазақстан азаматтары Мемлекет басшысы бүкілхалықтық талқылауға жариялаған Заң жобасының базалық ережелерін қолдады. Осы ретте, ел азаматтарынан парламенттің рөлін, үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін, құқық қорғау және сот жүйелерінің қызметін күшейту мәселелері, сондай-ақ меншік құқықтары мәселелері бойынша 500-ден астам ұсыныс келіп түсті.  

 

Сарапшылар қандай кеңес береді?

 

Бірқатар сарапшылар ұсынылған өзгерістерге қатысты өз пікірлерімен бөлісті. Мысалы, Baku Network сараптамалық кеңес басшысы, философия докторы, саясаттанушы Эльхан Алескеровтың пікірінше, Қазақстанда көзделіп отырған келесі реформа – бұл еліміздің мемлекеттік билігінің тиімділігін одан әрі арттыру тұрғысынан маңызды әрі жауапты шешім. Оның айтуы бойынша, ҚР Президенті 2017 жылғы 25 қаңтарда Қазақстан халқына үндеуінде биліктің үш тармағының өкілеттіктерін реформалаудың жаңа кезеңі туралы жариялаған еді. Қазақстанда көзделіп отырған келесі реформа – бұл еліміздің мемлекеттік билігінің тиімділігін одан әрі арттыру тұрғысынан маңызды әрі жауапты шешім.

Өзбекстан сарапшысы В.Капустиннің пікірі бойынша, билікті қайта бөлу – бұл басқарудың маңызды элементі.

«Қазіргі уақытта әрбір саяси жүйе тұрақты жаңартуды қажет етеді. Дәл осы себептен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мерзім сайын билікті өзгертіп, оның негізгі элементтерін жаңартып отырады», - дейді Капустин.

Өз кезегінде, француз саясаткері Ален Нери Қазақстан өзінің демократия жолын жалғастырып келе жатқанын және оған бітімгерлік қызмет үшін жаңа мүмкіндіктер ашылатынын атап өтті.

«Бүгінде, өзіміз көріп отырғандай, Қазақстанда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен демократиялық процестер орын алып жатыр, парламент пен үкіметке көбірек өкілеттіктер берілуде. Бұл Қазақстан өзінің демократия жолын жалғастырып келе жатқанын және оған бітімгерлік қызмет үшін жаңа мүмкіндіктер ашылатынын дәлелдейді», - дейді сарапшы.

Румыния-Қазақстан екіжақты сауда-өнеркәсіптік палатасының төрағасы Петру Лифичиу Нұрсұлтан Назарбаев демократиялық реформаларды біртіндеп жүзеге асыра отырып, ерекше стратегиялық ойлау және бейбіт өмір динамикасын түсіну қабілетін көрсеткенін атап өтті.

Оның ойынша, конституциялық өзгерістер кез келген болашақ проблема алдында төзімді институттар мен қазақстандық экономика едәуір нығайғаннан кейін дер кезінде орын алуда.

«Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған жаңа реформа Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі өтетін жылы жүргізіліп жатыр. Бұл қолданыстағы демократия, өкілеттіктерді нақты бөлу және азаматтарға жақын деңгейде шешімдер қабылдау қағидаттары негізінде мемлекеттің еуропалық құндылықтарға бағдарлануға ұмтылысын тағы да дәлелдейді.

 

Қорытынды

 

Өткен аптада Ақордада мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасын бүкілхалықтық талқылау мерзімі аяқталды.

Отырыс барысында Мемлекет басшысы бастама жасаған конституциялық реформаға қоғам қызығушылығының жоғары деңгейі атап өтілді. Жұмыс тобына парламент рөлін, үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін күшейту, құқық қорғау және сот жүйелерінің қызметін жетілдіру, сондай-ақ меншік құқығы мәселелері бойынша ұсыныстармен үш мыңға жуық өтініш келіп түсті.  

Бұл ұсыныстар Мемлекет басшысының конституциялық өкілеттіктеріне де және еліміздің заңдарымен белгіленген өкілеттіктерге де қатысты.

Жұмыс тобының мүшелері келіп түскен барлық ұсыныстарды жалпылап, толық қарауда. Бұл жұмысқа отандық және шетелдік сарапшылар, тиісті мемлекеттік органдар тартылуда.  

Бүкілхалықтық талқылау қорытындылары бойынша «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасы пысықталып, Мемлекет басшысына ұсынылады. 




Яндекс.Метрика