Парламент

ЕҚЫҰ ДИАҚБ конфессиялық алуандықты сақтау жөніндегі Қазақстан саясатын жоғары бағалады

Парламент Сенатынының орынбасары Бектас Бекназаров ЕҚЫҰ Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросының діни еркіндік немесе сенім мәселелері жөніндегі аға кеңесші Кишан Маночамен кездесті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Астана қаласы 28 Ақпан, 17:28

К. Маночаның сапары Орталық Азия аймағындағы діни еркіндік пен сенімді ілгерілету арқылы қауіпсіздік пен әлеуметтік топтасуға жәрдемдесу жөніндегі ДИАҚБ жобасын іске асыруға байланысты болып отыр.

Мейманмен кездесуде Б.Бекназаров бұл жобаның ерекше маңызын атап өтіп, біздің елімізде қалыптасқан ұлтаралық және діни конфессиялар арасындағы келісім үлгісі туралы хабардар етті.

«Толеранттылық пен кемсітпеушіліктер қағидаттары көп ұлтты Қазақстан үшін аса маңызды», - деп атап өтті. Б. Бекназаров Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін шақыру туралы бастамасы қарқынды іске асып келе жатқаны туралы айтып берді.

Оған түрлі дін өкілдері ғана емес, әлемдік ауқымдағы саяси қайраткерлер, беделді халықаралық ұйымдардың, мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары бас қосып келеді.

К. Маноча өз кезегінде әлемдік діндер жетекшілерінің форумына қатыса отырып, Қазақстан басшылығының толеранттық пен түрлі діндердің өзара түсіністігін ілгерілетуден айнымайтынына көзі жеткенін айтты.

ЕҚЫҰ ДИАҚБ өкілі ұлттық, тіл мен конфессиялық алуандықты сақтау жөніндегі Қазақстан жүргізіп келе жатқан саясатқа зор ықылас білдірді. Әңгіме барысында 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңды іске асырудың жекелеген мәселелері, сондай-ақ таяуда құрылған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қызметі талқыланды.

«Біз діндер еркіндігі мен діни сенім бостандығын қамтамасыз етуге, өшпенділік тұрғысындағы қылмыстарға қарсы іс-қимылға зор маңыз береміз. Қазақстан бұл салада халықаралық құрылымдармен, оның ішінде ЕҚЫҰ институттарымен жан-жақты байланыстарды ұлғайтуға және өз тәжірибесімен бөлісуге ниеттеніп отыр», - деді Б. Бекназаров. Кездесу барысында діни төзбеушілікке, экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сенат Төрағасының орынбасары «кез келген наным-сенім негізінің бұрмаланбауы, дін саясат пен идеологияның құралына айналмауы тиіс» екеніне сенім білдірді. Әңгімені аяқтай келіп, Б. Бекназаров қазақстандық парламентшілердің бірлескен жобаларды іске асыру аясында ЕҚЫҰ ДИАҚБ-пен сындарлы ынтымақтастыққа әзір екенін нақтылады. Кездесуге Сенат депутаттары ДулатҚұсдәулетов пен Михаил Бортник қатысты.
 





Яндекс.Метрика