Ұлтаралық бірлік

Астананың этномәдени орталықтары Алғыс айту күнін атап өтті (ФОТО)

Астанада 24 этномәдени бірлестік жұмыс істейді, оның 11-і бүгін Алғыс айту күнін бірігіп атап өтті. Астанада Ризашылық күніне арналған ашық есік күнінде Астана қаласының этномәдени орталықтарының таныстыру жұмыстары ұсынылды.
Астана қаласы 28 Ақпан, 14:47

Астана қаласындағы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынованың мәліметі бойынша астанада бүгінгі күні 130 этнос бар деп есептеледі.

«Астаналық Ассамблеяда  24 этномәдени бірлестік бар. Біз алғаш рет 11 этномәдени бірлестікті бір үй-жайда орналастырдық. Жыл сайын республика деңгейінде жоспарланатын оқиғаларға сәйкес жоспарлар құрамыз. Биылғы жыл, әрине,  ЭКСПО-2017 көрмесіне арналады. Бұл барлық этномәдени бірлестіктер үшін өз шығармашылығын, даму деңгейін көрсету үшін қолайлы негіз. Осы ауқымды іс-шараға көптеген елдер қатысады деп сенеміз. Тарихи отанымыздан қонақтарды біздің этномәдени бірлестіктеріміз қарсы алады», - деді Л. Құсайынова.

Оның айтуы бойынша, ЭСКПО-2017 көрмесі қарсаңында этномәдени бірлестіктердің әр түрлі концерттері, тұсаукесер-көрмелері және шетелдік мемлекеттердің делегацияларымен кездесулері күтіледі.

Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі Видади Салахов Қазақстан халқына алғыс білдірді.

«Бүгінде «Хазар» әзірбайжан мәдени орталығының өз бұрышы бар. Мен қазақ халқына, қазақ жеріне бейбіт әрі тыныш өмір сүріп, жұмыс істеу мүмкіндігі үшін үлкен алғыс білдіремін. Президент Нұрсұлтан Назарбаев бірінші күннен бастап Қазақстан халқы этникалық тегіне қарамастан, бірлігін жоғалтпауға тиіс екенін қайталап айтып келеді», – деп атап өтті В. Салахов.

Іс-шарада әрбір этномәдени бірлестік өз шығармашылығын көрсетіп, барлық қонақтарға дәстүрлі тағамдарын ұсынды.

Айта кету керек, Қазақстанда Алғыс айту күні осымен екінші рет атап өтілуде. Ресми түрде мереке Президенттің 2016 жылғы 14 қаңтардағы Жарлығымен 1 наурызда атап өтіледі.

Ақбота Күзекбай





Яндекс.Метрика