Үкімет

2017 жылы қазақстандық мектептер үшін 11 мыңнан астам мультимедиялық жиынтық сатып алынбақ

2017 жылы компьютер, проектор және экраннан тұратын 11 мыңнан астам мультимедиялық жиынтық сатып алынады. Бірінші кезекте Интернет желісіне қосылмаған ауыл мектептері мен оқу орындары үшін. Бұл туралы Үкімет отырысында БҒМ басшысы Ерлан Сағадиев хабарлады.
Астана қаласы28 Ақпан , 11:37

«Өткен жылы осындай 7 300 жиынтық сатып алынса, 2018 жылы тағы 12 000 жиынтық сатып алу жоспарланып отыр. Барлық ауыл мектептерінде барлық пәндер бойынша үздік бейнесабақтарға қолжетімділікті қамтамасыз ету міндеті қойылған. Бүгінде бізде балалар үшін үш тілде 50 мың бейнесабақ бар. Оқытушыларға арналған бейнесабақтар да көп», - деп хабарлады Е.Сағадиев.

Сондай-ақ, министр бұрын «Е-learning» жобасы (2011-2013 жыл) аясында мектептерде сервер,  интерактивті тақталар, компьютерлер, лицензиялық бағдарламалар сатып алынғанын, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік туралы да айтып өтті.

«Кез келген ақпараттық жүйе ақпараттық қауіпсіздік үшін сертификаттаудан өтуге міндетті. Деректер мемлекеттік серверлік орталықта сақталады. 2016 жылы күшіне енген «Автоматтандыру туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік органдар жүйелерінің операторы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ болып табылады. Яғни, ол алаң ұсынады. Барлық ақпарат, соның ішінде дербес ақпарат та мемлекеттік органдардың серверлік алаңында сақталады. «ҰАТ» АҚ осы жүйелерге қызмет көрсетеді және қауіпсіздік бойынша талаптар қояды. Ақпараттық қауіпсіздікті ҚР БҒМ ақпараттық технологиялар департаментіндегі қауіпсіздік басқармасы қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, жүйенің қауіпсіздігін мемлекеттік техникалық қызмет тексереді»,- деп қорытындылады Е.Сағадиев.

Қайрат Жандыбаев




Яндекс.Метрика