Халықаралық интеграция

Қазақстан Қытайға шығатын әуерейстер санын көбейтеді

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары барысында ҚХР-ның Көлік министрі Ли Сяопэнмен кездесті, деп хабарлады ИДМ баспасөз қызметі.
Әлемде27 Ақпан , 19:02

Кездесуде ведомство басшылары транзиттік-көлік, теміржолмен және автомобильмен жүк тасымалдау, сонымен қатар, авиация салалары бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бұдан бөлек, Ляньюньган порты, Қоғас шекара маңы ынтымақтастық орталығы мен Қорғас АЭА терминалдарының қызметі жөніндегі мәселелер де талқыланды.

Қытайдан Орталық Азия елдеріне, Ресей, Еуропа, сонымен қатар, Иран мен Таяу Шығыс елдеріне контейнерлік тасымалды арттыру өзекті мәселе болып табылады. Қытай-Қазақстан-Еуропа бағыты бойынша контейнерлік жүк тасымалдау ұтымды жол.

«Біз транзиттік-көлік саласындағы Еуразиялық әлеуетті мейлінше жүзеге асыруға мүдделіміз. Сарапшылардың бағалауынша, 2020 жылға қарай аймақтағы сауда көлемі 1,2 трлн. долларға жетеді. Ал, Қытай мен Еуропалық одақ арасындағы тауар айналым 800 млрд. долларды құрайтын болады, жүк тасымалының көлемі 170 млн. тоннаға дейін артады», - деп атап өтті министр.

Бүгінгі таңда екі ел арасындағы ынтымақтастық жан-жақты стратегиялық әріптестікке айналды. Биыл индустрия, көлік салалары бойынша бірлескен жаңа кәсіпорындарды іске қосу жоспарланып отыр және экономиканың түрлі салаларын қамтитын жаңа жобалардың құрылысы басталады.

Қытай-Еуропа бағыты бойынша 2016 жылы қаңтар-қараша айлары аралығында 725 пойызбен 62 816 контейнер тасымалданды. Ал, Еуропа-Қытай бағыты бойынша 30 187 контейнер тасымалданған. Пойыздардың орташа жылдамдығы тәулігіне 950 шақырымды құрайды.

Сондай-ақ, Ж.Қасымбек көрші елмен авиация саласындағы ынтымақтастықты нығайту жоспарланып отырғанын айтты. Биыл Алматы-Бейжің әуерейсі аптасына 5-тен 7-ге дейін, ал, Астанадан Бейжіңге аптасына 2-ден 4-ке дейін артатын болады. Астана-Үрімжі және Алматы-Үрімжі бағыттарына қосымша рейстер шығатын болады.

 




Яндекс.Метрика