ҚР Президентінің Жолдауы

Сенатта Президенттің халыққа Жолдауын іске асыру жөніндегі Іс-шаралар жоспары бекітілді

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен болған Сенат Бюросының отырысында жоғарғы Палатаның 2 наурызда болатын отырысының күн тәртібі талқыланды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Астана қаласы27 Ақпан , 17:06

Сенаторлар Қазақстан мен Польша арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы үкіметаралық келісімді; Қазақстан мен Түркия Үкіметтері арасындағы арнайы мақсаттағы бөлімшелердің оқу-жаттығуларын өткізу кезінде қабылдаушы Тараптың қолдау көрсетуі туралы өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялау туралы; «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы мен заңнамалық актілерге Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесінің және «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі мәселелері бойынша түзетулер енгізетін заң жобаларын қарайды.

Бюрода Мәжілістен түскен заң жобалары да бөлінді. «1995 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Эмба полигонын (5580 сынақ жұмыстарын қамтамасыз ету базасы) пайдалану және жалға беру шарттары туралы келісімнің және 1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ембі сынақ полигонын (5580 сынақ жұмыстарын қамтамасыз ету базасы) жалдау туралы шарттың қолданысын тоқтату жөніндегі шаралар туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне берілді.

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті заңнамаға әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер енгізетін заң жобасы жөнінде бас комитет болып белгіленді. Қаржы және бюджет комитетіне «Коллекторлық қызмет туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне коллекторлық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары берілді. Одан басқа, Бюро мүшелері Қазақстан Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» халыққа Жолдауын іске асыру жөніндегі Парламент Сенатының іс-шаралар жоспарын бекітті. Онда Жолдауды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету, құжаттың негізгі ережелерін түсіндіру мен насихаттау, сондай-ақ Жолдауды іс жүзінде зерделеу мәселелері қарастырылған. Жоспарда бірқатар парламенттік тыңдаулар, комитеттердің көшпелі отырыстары, мемлекеттік органдар басшыларымен кездесулер бар. Сенатта салық саясаты, діни қызметтер туралы заңдарды іске асыру барысы, экспорттық саясат келешегі, инвестициялар тарту, экономикалық қылмыспен күрес мәселелеріне арналған дөңгелек үстелдер жоспарланған.

 




Яндекс.Метрика