Халықаралық интеграция

В.Путин Н.Назарбаевқа Астана келіссөздерін ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді

Ресей Президенті Владимир Путин ҚР Президенті Н.Назарбаевқа Астана келіссөздерін ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Алматы қаласы27 Ақпан , 15:54

В.Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа Сириядағы қақтығысты реттеу жөніндегі келіссөздерді Астанада ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.

«Бұл үдерісте Қазақстан тарапының жай ұйымдастырушы ретінде ғана қатысып қоймай, жалпы жағымды рөл атқарғанын білемін. Сіз кездесу ұйымдастыруға тікелей атсалысып, қатысушылармен және делегаттармен жұмыс жүргіздіңіз. Сіздің арқаңызда ешқашан болмаған нәтижеге қол жеткіздік. Әсіресе, атыстың тоқтатылуына бақылау жасау тетігі табылды, бұл – ең басты мәселе. Енді бұл Женевада жалғасатын келіссөздерге негіз болады», – деді Ресей Президенті.

В.Путин Қазақстанның Ресейдің басты экономикалық серіктесінің бірі ретіндегі маңыздылығын атап өтіп, интеграциялық үдерістер барысында жасалған жағдай арқылы нақты көлемді ұлғайтуға қол жеткізіп, ынтымақтастықты ұдайы арттырып отыру қажеттігін айтты.

Ресей Президенті өз елінің жаһандық мәселелерді шешуде Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қолдауынан үмітті екенін жеткізді.

Кездесу соңында тараптар Еуразиялық интеграция аспектілерін және экономика саласындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.

 

 




Яндекс.Метрика