Халықаралық интеграция

Қазақстан Парламентінің делегациясы ЕҚЫҰ Парламентік Ассамблеясының Қысқы сессиясына қатысты

2017 жылғы 23-24 ақпанда Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Икрам Адырбеков бастаған Қазақстан Парламентінің делегациясы ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Венада Қысқы сессиясына қатысты, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Әлемде 27 Ақпан, 09:57

 Делегация құрамында сенаторлар Нұртай Әбіқаев, Мұхтар Алтынбаев, Михаил Бортник, Ляззат Киинов, Дулат Құсдәулетов және Парламент Мәжілісінің депутаты Құралай Қаракен бар. Делегация Саяси мәселелер және қауіпсіздік, Экономикалық істер, ғылым, технологиялар және қоршаған орта, Демократия, адам құқықтары және гуманитарлық мәселелер жөніндегі жалпы комитеттердің отырыстары аясындағы пікірсайыстарға белсенді түрде қатысты.

Халықаралық терроризм және радикалданумен күрес, адам құқықтарының сақталуы, климаттың өзгеруі күн тәртібіндегі негізгі мәселелер болды. Одан басқа, Минск келісімдеріне сәйкес Украина төңірегіндегі жағдайды реттеудің келешегі, сондай-ақ ЕҚЫҰ кеңістігіндегі басқа да теке-тірестер талқыланды. Экономикалық істер, ғылым, технологиялар және қоршаған орта жөніндегі жалпы комитеттің отырысында ЕҚЫҰ Экономика-экологиялық комитетінің төрағасы, Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі Қайрат Сарыбай ЕҚЫҰ-ның екінші өлшемі жөніндегі жұмыстардың негізгі бағыттарын парламентшілер назарына ұсынды.

Сенатор М. Бортник пен Мәжіліс депутаты Қ. Қаракен әскери-саяси және қауіпсіздіктің гуманитарлық мәселелері жөніндегі пікірсайыста қауіпсіздікті нығайтудағы ЕҚЫҰ-ның экономикалық-экологиялық өлшемдерінің маңызды рөлін атап өтті. Қ. Қаракен сондай-ақ «елдер өзара тұрақты байланыстарға қол жеткізуге ұмтылуы тиіс. Экономикалық байланыстарды дамыту ЕҚЫҰ мен оның аясынан тыс жерлерде жалпыға бірдей қауіпсіздікті ілгерілету тұрғысында сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға оң ықпал етеді», деді. М. Бортник өз тарапынан «Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа белсенді қатысушы ретінде интеграциялық бірлестіктермен және жекелеген мемлекеттермен өзара тиімді ынтымақтастық қалыптастыруға мүдделі. Бұл тұрғыда Еуроодақпен сауда-экономикалық ынтымақтастықты қалыптастырудың маңызы зор болып отыр», деп атап өтті.

Ол сондай-ақ Қазақстан «жасыл экономиканы дамыту» мәселелеріне баса назар аударып, «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасының әзірленуіне және Астанада «Келешектің энергиясы» тақырыбы бойынша ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу туралы шешім қабылдануына қол жеткізгенін айтты. Шара аясында парламенттік делегацияның басшысы И.Адырбеков ЕҚЫҰ ПА Төрағасы, Аустрия Парламентінің депутаты Кристин Муттоненмен және ЕҚЫҰ ПА Бас хатшысы Роберто Монтелломен екіжақты кездесу өткізді. Тараптар Сириядағы шиеленіс жөніндегі Астанада өткен келіссөздердің нәтижелерін, Орталық Азия аймағы аясындағы ынтымақтастықтың келешегін, украин дағдарысын реттеу мәселелерін талқылады. К.Муттонен атап айтқанда, теке-тірестерді бейбіт реттеуді ілгерілету аясында Қазақстанның тиімді бітімгер ретіндегі маңызды рөлін атап өтті. 2017 жылы қаңтарда Президент Н.Назарбаев жария еткен конституциялық реформаға ерекше назар аударылды.

И.Адырбеков Парламенттің рөлін күшейту, Президент және Парламент алдында Үкіметтің есептілігін ұлғайту туралы бастамалар туралы хабардар етті. Алдағы уақытта Мемлекет басшысының биліктің өкілді және атқарушы тармақтарына 40-қа жуық міндеттерді беретіні күтіліп отыр. Делегацияның Ұлттық кеңестің Екінші президенті Карл-Хайнц Копфпен кездесуінде Қазақстан мен Аустрияның парламентаралық байланыстарын дамыту келешегі талқыланды. Ол Қазақстан басшысының бастамаларын «маңызды қадам әрі жақсы белгі» деп сипаттай отырып, демократияны дамыту – ол бірте-бірте қадам басатын әрі тұрақтылыққа зиян келтірмейтін үрдіс болуы керек екенін атап өтті.

Қазақстан мен Аустрия арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланып, энергетика саласындағы, әсіресе жаңартылатын энергия көздерін дамытудағы тәжірибесі көп аустриялық фирмалар үшін Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі зор мүмкіндік екені атап өтілді. Осыған байланысты Вена мен Астана арасындағы авиа рейстерді қалпына келтіру мәселесі аса маңызды болып отыр. Қазақстан делегациясының басшысы Аустрия Парламентінің басшысын көрмеге келуге шақырды. Тараптар халықаралық саладағы, атап айтқанда миграция үдерістеріне байланысты кейбір маңызды мәселелерді талқылап, оларды шешу жөніндегі ойларын ортаға салды.

 

 

 





Яндекс.Метрика