Өңірлер

ОҚО-да биязы жүнге 15,2 млн теңге субсидия құю жоспарланған

ОҚО-да биязы жүнге 15,2 млн теңге субсидия құю жоспарланған, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Южно-Казахстанская область 25 Ақпан, 12:59

Жалпы, облыста 32 мыңға жуық биязы жүнді қой өсірумен айналысатын 20 шаруашылық бар. Олардың басым көпшілігі Сарыағаш пен Қазығұрт ауданында орналасқан. Ал жүнді қайта өңдейтін Шымкент қаласында екі кәсіпорын жұмыс істейді.

Аталған кәсіпорындар былтыр 1200 тоннаға жуық жүнді сатып алып қайта өңдеген. Өңделген жүннен киіз және жылу сақтайтын өнімдер шығарылады. Биыл 117 тонна биязы жүнге әр келісін 130 теңгеден, жалпы 15,2 млн. теңге субсидия беру жоспарлануда.

Мұнан соң, тілшілер тобы Сарыағаш ауданындағы құс өсіретін «Бесқара» ЖШС-нде болды. Төрағасы Мұрат Әбдібаев болып табылатын құс фабрикасы 2015 жылы жұмысын бастаған. Бүгінде мұнда 50-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Фабрикада жылына 20 млн. дана тағамдық жұмыртқа өндіріліп, облыстағы аудан, қалаларға жөнелтіледі.

Айта кету керек, Оңтүстік Қазақстан облысында 30-ға жуық құс фабрикасы болса, онда бүгінгі таңда 1,3 млн. бас құс өсіріліп, жылына 180 млн. данаға жуық жұмыртқа алынады. Тағамдық жұмыртқалар, негізінен, өзіміздің облыста саудаланады.

Аудандарға пресс-тур кезінде журналистер барған соңғы шаруашылық Сарыағаштың Дарбаза ауылындағы асыл тұқымды сүтті бағыттағы ірі қара малдарды өсіру және сүт өндірумен айналысатын «Фирма Сакен» ЖШС болды. 2004 жылы жұмысын бастаған қожалықтың төрағасы Шәрікүл Байғазиева бұл шаруашылықты жеке қаражатына - 2 млн. теңгеге ашқан. Бүгінде мұндағы 594 ІҚМ-ды күтіп-бағу үшін 19 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жылына 400 тоннаға жуық сүт өндіріп, оны облысымызға сатады.

Облыста сүт өндіретін 800-ге жуық шаруашылық бар. Басым көпшілігі Сайрам, Шымкент қаласында орналасқан. Ағымдағы жылы мемлекеттен жалпы сүт өндірісі құнын арзандатуға 372,5 млн. теңге қаражат қаралуда.





Яндекс.Метрика