Мемлекеттік басқарудың жаңа түрі

Конституцияға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бүкілхалықтық талқылау мерзімі осы аптада аяқталады

Ақордада Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Астана қаласы24 Ақпан , 15:53

Осы аптада «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын бүкілхалықтық талқылау мерзімі аяқталады.

Мемлекет басшысы бастамашылық жасаған конституциялық реформаға қоғамдағы қызығушылықтың деңгейі жоғары болғаны отырыс барысында аталып өтті. Жұмыс тобының атына Парламенттің рөлін, Үкіметтің және жергілікті билік органдарының жауапкершілігін күшейту, құқық қорғау қызметін және сот жүйесін жетілдіру жөнінде, сондай-ақ меншік құқығы мәселелері бойынша үш мыңдай өтініш келіп түсті. Бұл ұсыныстар Мемлекет басшысының конституциялық өкілеттіктеріне де, ел заңдары арқылы белгіленген өкілеттіктерге де қатысты.

Жұмыс тобының мүшелері келіп түскен барлық ұсыныстарды жинақтап, қорытып, мұқият қарастыру үстінде. Бұл жұмысқа отандық және шетелдік сарапшылар, тиісті мемлекеттік органдар қатысуда.

«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы бүкілхалықтық талқылау қорытындылары бойынша жетілдіріліп, Мемлекет басшысына ұсынылатын болады.




Яндекс.Метрика