Парламент

Сенатта судьяның кәсіби қызметін бағалау жөніндегі заңнама қаралды

Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы қаралды, деп хабарлады Сенат.
Астана қаласы 23 Ақпан, 17:16

Жоба Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның «Ұлт жоспарын – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамды іске асыру туралы» есебін тыңдау кезінде айтылған тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген болатын. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап судьяның кәсіби қызметін бағалау туралы норманың қолданысқа енгізілген болатын.

Осыған орай судьяның кәсіби қызметін кезең-кезеңмен бағалаудың теріс нәтижелері алынған жағдайда оның қызметін қайта бағалауды жүргізбестен лауазымынан босатуды қарастыру қажеттігі туындады. Сондай-ақ, жобамен Сот төралқасы судьяны басқа сотқа немесе басқа мамандануға ауыстыру туралы шешім қабылдаған жағдайда, судьяларды конкурс өткізбестен басқа сотқа ауыстыру тәртібі регламенттеледі. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес жобада жаппай декларация тапсыруды енгізу мерзімдерін бір кезеңге 2020 жылғы 1 қаңтарға ауыстыру көзделеді.

Осыған байланысты «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сайланатын лауазымға үміткерлердің активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны табыс ету мерзімін 2017 жылғы 1 қаңтардан 2020 жылғы 1 қаңтарға ауыстыру бөлігінде өзгерістер енгізу ұсынылады. Сонымен бірге Парламент Мәжілісінде жоба ережелері ғылыми, оқытушылық және шығармашылық қызметпен айналысатын отставкадағы судьяларға ай сайынғы өмір бойы қамтылымды төлеуге қатысты түзетулермен толықтырылды. Отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесінің және «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Құжат Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын» іске асыру аясында жариялаған судьяның кәсіби қызметін кезең-кезеңмен бағалау қорытындылары бойынша қабылданатын шараларды жетілдірудің қажеттігі бөлігіндегі тапсырмасын орындау үшін әзірленді. Заң жобасымен «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Дегенмен Парламент Мәжілісінде қарау барысында оның ережелері Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне және «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Заңына «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне қатысты түзетулермен толықтырылды. Заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.

 





Яндекс.Метрика