Басқару

Бас әскери прокуратура мен Қорғаныс министрлігі 2017 жылғы әскерге шақыру науқанын талқылады

Астанада Бас әскери прокуратура мен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бірлескен алқа отырысы өтті, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Астана қаласы 23 Ақпан, 11:16

Отырыс барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері қаралып, 2016 жылғы әскерге шақыру қорытындылары мен проблемалық мәселелері талқыланды, сондай-ақ алдағы 2017 жылғы әскерге шақыру науқанына тапсырмалар белгіленді.

«Әскери міндеттілік Қазақстан Республикасы азаматтарының Отан алдындағы борышын өтеу жөніндегі конституциялық парызын орындауды жүзеге асыру мақсатында енгізілген және біздің сіздермен бірлесіп атқаратын міндетіміз – әскерге шақыру мен егеменді еліміздің қорғаныс қабілетіне тікелей әсер ететін азаматтардың әскери қызметті өткеруін сапалы түрде қамтамасыз ету», – деп атап өтті ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақов.

Әскерге шақыруды ұйымдастыру, шақыру комиссияларының жұмыс істеуіне қажетті жағдайларды жасау және шақырылушыларды іріктеудің жоғары деңгейде өтуі олардың жұмысына тікелей байланысты болғандықтан, Министр шақыру комиссияларының төрағалары – облыс әкімдерінің және Астана мен Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарларына назар аударып сөз сөйледі.

Сонымен қатар, әскерге шақыруды ұйымдастыруға барынша жауапкершілікпен қарауды атап өтті. Сыбайлас жемқорлыққа жол беретін құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында жергілікті әскери басқару органдарында өткізілетін іс-шаралардың ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуді айтып өтті.

Алқа отырысында Бас әскери прокурор әділет генерал-лейтенанты Ерғали Мерзадинов өз кезегінде сыбайлас жемқорлық проблемасына ымырасыздықтың маңыздылығын атап өтті. «Жоғарғы Бас Қолбасшы әскери шенді адамдарға ерекше талап қойып отыр. Бұл жөнінде Елбасы осы ведомстваның қабырғасында бірнеше мәрте айтты», - деді ол.

Алқа отырысының соңында әскерге шақыруды сапалы ұйымдастыру және оны жүргізуге ықпал етуді іске асыратын нақты бағыттарды белгіленіп, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен тиімді күрес жүргізу жөнінде нақты ұсыныстар берілді.

 





Яндекс.Метрика