Ұлттың денсаулығы

Жамбыл облысында спорт инфрақұрылымдарының саны 2 мыңнан асты

Жамбыл облысында спорт инфрақұрылымдарының саны 2 022 нысанға жетті. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі К.Көкірекбаев халыққа есеп беру кездесуінде баяндады.
Жамбыл 23 Ақпан, 08:37

"Өткен жылы екі спорттық нысан іске қосылып, спорт инфрақұрылымдарының жалпы саны 2022-ге жетті. Оның ішінде, бір спорт сарайы, 19 стадион, 665 футбол алаңы, 553 спорт залдары, 664 спорт алаңшалары және де басқа 120 спорт нысандары бар. Елбасы бұқаралық спортты дамыту бойынша  үлкен міндеттер қойып отыр", - деді К. Көкірекбаев.
Есеп беру барысында, спорт саласының дамуына 6,3 млрд теңге бөлінгені айтылды. Оның ішінде материалдық - техникалық базасын нығайтуға 122 млн теңге жұмсалды.
Есепті жиында облыс әкімімен Тараз қаласында көпшілікке қолжетімді жеті қарапайым көше спорт қондырғылары орнатылғаны айтылды. Жеке инвестиция есебінен Қордай ауданының Қаракемер ауылында жаңа спорт нысаны, Шу қаласында ҚСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы Юрий Андреевич Цхайдың бастамасымен 470 млн теңгеге «Тарлан» спорт кешені соғылып, өз жұмысын бастады.
Нәтижесінде, облыста дене шынықтыру және спортпен тұрақты айналасатындар 297 мың адам.
"Облыс спортшылары былтырғы жылғы еліміздің алтын қорына елеулі үлес қосты", - деді өңір басшысы.
Бразилияда өткен жазғы Олимпиада ойындарына бес спортшы қатысып, дзюдо күресінен Елдос Сметов күміс жүлдегер атанса, жазғы Паралимпиадалық ойындарында жүзуден, ел тарихында тұңғыш рет Зульфия Габидуллина алтын медальге ие болды.
Сонымен қатар Бейбіт Ыстыбаев «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің үш дүркін чемпионы атанды.
Бұдан бөлек, спортшыларымыз 1 039 медальға қол жеткізді. Әлем, Азия чемпионаттары мен Кубоктарында 166 медаль, Қазақстан Республикасы чемпионаттары мен Кубоктарында 714 медаль, және халықаралық турнирлерде 159 медаль.
Спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасына 453 спортшы енді, оның ішінде: ересектер құрамасына 196, жастар құрамасына 180, жасөспірімдер құрамасына 77 спортшы.

 





Яндекс.Метрика