EXPO-2017

ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңындағы үшінші отырысқа 100 елден 326 өкіл келді (ФОТО)

ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңындағы үшінші отырысқа 100-ден астам ел мен халықаралық ұйымнан 326 тіркелген қатысушы келді. Бұл туралы «Астана ЭКСПО — 2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов ЭКСПО-2017 халықаралық қатысушыларының ІІІ отырысында мәлімдеді.
Астана қаласы 22 Ақпан, 11:26

«Бұл көрме алдындағы қорытынды жиналыс. Осы залда 100-ден астам ел мен халықаралық ұйымнан 326 өкіл қатысып отыр. Елімізге келіп, қатысып отырғандарыңыз үшін алғыс білдіремін», - деді А.Есімов.

Сондай-ақ, ол көптеген елдер құрылыс және монтаж жұмыстарын бастап кеткенін айтты.

«Бірінші кезекте, павильондарды халықаралық қатысушыларға беру процесі басталғанын айтып өткім келеді. Көрмеге дейін 108 күн қалды, сондықтан, павильондарды ұйымдастыру процесін жылдамдатуды сұраймыз. Сіздерге қолайлы болу үшін әр түрлі операциялық бағыттар бойынша директивалар әзірледік, сондай-ақ бір терезе принципі бойынша жұмыс істейтін бірыңғай қызмет көрсету орталығы да іске қосылды, онда визалық қолдау, салық, банк, сақтандыру және Қазақстанның мемлекеттік органдарының қызметтері көрсетіледі», - деп хабарлады А.Есімов.

Қайрат Жандыбаев   

Фото: Абзал Қалиев 





Яндекс.Метрика