Өңірлер

Қарағандылық автоқалдықтарды өңдеу зауыты «Сарыарқа» АЭА құрамына енді

Қарағандыда автоқалдықтарды өңдеу зауытының құрылысын жүргізіп жатқан «Recycling Company» ЖШС «Сарыарқа» АЭА резиденттерінің тізіміне енгізілетін болды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қарағанды22 Ақпан , 18:12

Жоба Қарағанды облысының әкімдігінде индустриалды-инновациялыық даму жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында қаралды.«Recycling Compаny» ЖШС техникалық директоры Қайрат Қалманбаев технологиялар мен өндірістік жоспарлар туралы айтып берді.

«Қолданыстан шыққан көлік құралдарының темірінен түсті металл қорытпаларын, шойын, болат, алюминий алу, көмірсутектер мен олардың туындыларын өндіру» жобасы бірнеше кезеңнен тұрады. Біріншісі – жинау пункттерінде ескі автомобильдерді тығыздау. Содан кейін материал Қарағандыдағы өндірістік алаңға жеткізіледі. Одан әрі шредерлік жабдықпен қайта өңделеді», - дейді баяндамашы.

Оның айтуынша, қазіргі кезде компания пресс сатып алды және қайта өңдеуге арналған жабдыққа тапсырыс берді.

«Мамыр айында сығымдалған материалды ұсатуға кірісу жоспарланған», - дейді техникалық директор.

Ұсатылған материал  индукциялық пеште балқытылады.

Өндірістік циклда жарамсыз пластик пен резеңке ұнтақ қалдықтарынан көмірсутектер мен олардың туындыларын шығару қарастырылған.

«Соңғы өнім ретінде шойын, болат, алюминий және түсті металл қорытпалары алынады. Балқытатын индукциялық пештің өнімділігі – жылына 22 740 тонна. Көмірсутектер мен олардың туындыларынан жылына 2 100 тонна синтез-газ, жылына 16 000 тонна отын шығару жоспарланған. Резеңке ұнтақ шығару жылына 3 300 тоннаны құрайды», - дейді баяндамашы.

Құны 3,4 млрд. теңгені құрайтын жоба несие қаржысына іске асырылады.

«Аталған жоба «Сарыарқа» АЭА қызметінің басымды түрлеріне сәйкес келеді. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру үшін келісім жасауды қолдауға болады деп ойлаймын», - деп қорытты Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков.

Үйлестіру кеңесінің мүшелері бұл шешімді бірауыздан қолдады.

Отырыс барысында алдағы уақытта жобаны Кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізу жоспарланып отырғаны атап өтілді.

Еске салайық, Қазақстанда 2016 жылы ескі көліктерді кәдеге жарату бойынша пилоттық бағдарлама қолға алынды. Еліміздегі автоқалдықтарды өңдейтін алғашқы зауыт Қарағанды облысында «Сарыарқа» АЭА аумағында орналасады. Компания наурыз айына қарай барлық рұқсат беру процедураларын аяқтап, зауыт құрылысын бастамақ.

 




Яндекс.Метрика