Үкімет

Республикалық меншіктегі нысандардағы су шаруашылығының жағдайы тұрақты – АШМ

Республикалық меншіктегі нысандардағы су шаруашылығы жағдайы тұрақты. Су тасқынына қарсы комиссия құрылды. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов баяндады.
Астана қаласы21 Ақпан , 18:14

«2017 жылғы 17 ақпандағы жағдай бойынша республикалық меншікте «Қазсушар» РМК теңгерімінде 2 177 гидротехникалық құрылыс, олардың ішінде 78 су қоймасы, 83 су торабы, 26 бөгет және 1 990 басқа да құрылыстар бар. Жалпы барлық су қоймалары іске қосылған және 2017 жылғы көктемгі су тасқынын қабылдауға сыйымдылыққа ие,-  деді Қ.Айтуғанов.

Су ресурстары жөніндегі комитеттің бассейндік инспекциялары төтенше жағдайлар, экология аумақтық органдарымен және жергілікті атқарушы органдармен бірге 761 гидротехникалық құрылысқа визуалды зерттеу жүргізді.

Министр айтқандай,  республика бойынша 27 гидротехникалық құрылыс қанағаттанғысыз жағдайда екені анықталды, су тасқыны және сел кезінде қирау қаупі ұлғаюда. Бассейндік инспекциялар осы гидротехникалық құрылыстардың иелеріне анықталған олқылықтарды жою туралы ұйғарымдар берді және тасқын суды қауіпсіз өткізу бойынша шаралар қабылдау қажеттігі туралы хаттар жіберді.

Су тасқынына қатысты төтенше жағдайға «Қазсушар» РМК 10 мың м3 көлемде инертті материалдардың, 678 тонна жанар-жағармай материалдарының, 41 мың дана ыдыс-қаптың апатты қорын жасақтады, сондай-ақ 246 бірлік арнайы техника және 31 бірлік жүзу құралы әзірленген.

«Жалпы бүгінгі таңда республикалық меншіктегі нысандардағы су шаруашылығы жағдайы тұрақты және тұрақты бақылауда», - деп сендірді вице-министр.

Қайрат Жандыбаев 




Яндекс.Метрика