Ұлттың денсаулығы

Денсаулық сақтау министрлігі ҚР азаматтарының қандай жағдайларда шетелге емделуге жіберілетіні жайында түсіндірді

Қазақстан азаматтарының қандай жағдайларда шетелге емделуге жіберілетіні туралы Strategy2050.kz АА сұрағына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді.
Астана қаласы21 Ақпан , 19:54

«ҚР азаматтарын шетелге емделуге жіберу «Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу қағидаларын бекіту туралы» ҚР денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ұйымдарында диагностика мен емдеудің қолдануға рұқсат етілген барлық әдістері пайдаланылған, бірақ емнің оң нәтижесі болмаған жағдайларда жүзеге асырылады», - деп хабарлады ҚР ДСМ.

Осылайша, бұйрықпен республика азаматтары бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберілетін аурулардың тізбесі, сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберілетін жекелеген азаматтар санаттарының тізбесі айқындалды.

«Қазақстандықтар бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберілетін аурулардың тізбесі  – мидың хирургиялық қолжетімсіз және функциялық елеулі аумағындағы радиохирургиялық емдеу әдісін (гамма-пышақ) талап ететін артерия-веналық мальформациялары мен ісіктері, эндоваскулярлық емдеу үшін ми діңі, жұлын тамырларының артерия-веналық мальформациялары және артериялық аневризмдер. Сондай-ақ, трансоралдық алып тастау үшін бассүйек негізінің ісіктері, радиохирургиялық емдеуді (гамма-пышақ, радио белсенді аппликаторлар) талап ететін көздің қатерлі ісіктері, кератопротездеу. Ересектер мен балалардың сүйек кемігін аутологиялық және туысқандық транспланттауды қоспағанда, тіндерді (тіндердің бөліктерін) немесе ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттауды талап ететін аурулар, сондай-ақ өңеш стеноздары», - делінген сұратуға жауапта.

Сондай-ақ, ведомствода ҚР азаматтарының қандай санаттары бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберілетіні түсіндірілді.  

«Бұл көрсетілімдері болған және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ұйымдарында диагностика мен емдеудің қолдануға рұқсат етілген барлық әдістері пайдаланылған, бірақ емнің оң нәтижесі болмаған 0-ден 18 жасқа дейінгі балалар. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша ерекше жағдайларда қызметтік міндеттерді атқару кезінде ауыр жарақат алған және мертіккен Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ұйымдарында диагностика мен емдеудің қолдануға рұқсат етілген барлық әдістері пайдаланылған, бірақ емнің оң нәтижесі болмаған құқық қорғау органдарының қызметкерлері, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері», - деп ақпараттандырылды Денсаулық сақтау министрлігінде.

Қайрат Жандыбаев




Яндекс.Метрика