ҚР Президентінің Жолдауы

Қазақстанда МӘМС енгізу үлкен пайда әкеледі – шетелдік сарапшы (ВИДЕО)

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу және оның Қазақстанда қалай жұмыс істейтіні туралы ҚР-да МӘМС енгізу мәселелері бойынша консультант Гинтарас Кацявичюс Strategy2050.kz АА-ға берген айрықша сұхбатында айтып берді.
Астана қаласы 21 Ақпан, 14:57

Гинтарас Кацявичюс Литваның Ұлттық медициналық сақтандыру қорының басшысы. Ол Молдовада міндетті медициналық сақтандыруды енгізуге көмектескен, Украина, Словакия, Босния-Герцеговинада консультант болып жұмыс істеген. Ендігі оның негізгі рөлі – Қазақстан Республикасында МӘМС енгізуге көмектесу.

«Ең алдымен, Қазақстанның барлық тұрғындары МӘМС жүйесімен қамтылуы тиіс болады. Қазір Қазақстанда 18 млн-ға жуық адам бар деп есептеледі, осы ретте 10 млн адам мемлекет есебінен сақтандырылады, бұл халықтың 14-15 тобы. 5,5 мыңға жуық жалдамалы қызметкер алдымен жұмыс беруші арқылы сақтандырылады, кейін өздері төлейтін болады, мұнда жеке кәсіпкерлер мен халықтың басқа да санаттары қатысады, олардың барлығы осы жүйеге қатысушылар болуы тиіс», - деді Г. Кацявичюс.

Оның айтуы бойынша, төленетін барлық салымдар мен аударымдар Бірыңғай қорға түсіп, осы Қордан көмек көрсететін медициналық ұйымдарға ақы төленетін болады.

«Медициналық ұйымға жүгінген кезде әрқайсысының МӘМС-те сақтандырылуы тексеріледі. Сақтандырылмағандар мүлде медициналық көмексіз қалмайды, оларға шұғыл көмек МӘМС-тен тыс көрсетілетін болады, алайда, олар медициналық көмектің кепілдік берілген мемлекеттік көлемі деп аталатын шектеулі пакет алатын болады», - деп хабарлады сарапшы.

Ол Қазақстанда МӘМС енгізу үлкен пайда әкелетінін, ең алдымен, халыққа медициналық көмек көрсету сапасы артатынын және пациенттің денсаулық сақтау жүйесіндегі мәртебесі жақсаратынын атап өтті.

«Ең алдымен, пациенттің жүйедегі мәртебесі жақсы жағына қарай жақсара түседі. Ол денсаулық сақтау жүйесінің клиентіне айналады, себебі ол өзі немесе оның орнына салым төленеді. Ақысын төлейтін адам талап ете алады», - деді Г. Кацявичюс.

Сондай-ақ, ол Қазақстан халқының таңдау құқығы артатынын айтып өтті, себебі МӘМС-ке қатысумен көптеген жеке медициналық ұйымдар мүдделі болады және сол кезде таңдау құқығы артады, ал Қор медициналық көмекті бәсекелі ортада сатып алады деп күтілуде.

«Сондықтан, осы бәсекелестікке орай халыққа көрсетілетін медициналық көмек сапасы да артатыны күтілуде. Жыл сайын МӘМС қорында қаражаттың жинақталуына қарай, МӘМС арқылы төленетін пакеттің өзі де кеңейеді. Жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмектер тізбесі және осы дәрілерді алатын халық санаты да кеңейетіні туралы пікірталас болды», - деді ол.

Литвалық сарапшы атап өткендей, Қазақстанда медициналық көмекке қолжетімділік әзірше тең емес.

«Қор стратегиялық сатып алушы ретінде осы теңсіздіктерді біртіндеп жою, яғни әр түрлі өңірлердегі халық үшін медициналық көмекке анағұрлым тең жағдайлар жасау бағытында да жұмыс атқарады», - деп қорытындылады Г. Кацявичюс.

Қайрат Жандыбаев

Видео Арман Мұқатов





Яндекс.Метрика