ҚР Тілдерді дамыту және қолданудың мемлекеттік бағдарламасы

Қазақстан мен шет елдерден 1,5 млн.-нан астам адам Soyle.kz порталын пайдаланды

Қазақстан мен шет елдерден 1,5 млн.-нан астам адам Soyle.kz порталын пайдаланды, деді ОКҚ баспасөз мәслихатында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры Атқарушы Директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов.
Астана қаласы21 Ақпан , 12:34

Мобильді қосымшалар қазақ тілін үйренуді көпшілікке қолжетімді ету, қазақ халқының рухани, әдеби және мәдени құндылықтарын кеңінен насихаттау, жастар арасында IT-білімдерін қалыптасыру және өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеу  мақсатында жасалған.

«Жаңа отандық ІТ-өнімдер Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы мемлекеттік тілді әрі қарай дамыту және жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеудегі қойылған міндеттерге толығымен сай келеді», - деді С.Айтжанов.

«Бұл - өткен жылы Елбасының тілге қатысты жобаларды жүзеге асыру үшін Қорға берген қаржысына ашылған «Abaialemi.kz» онлайн-энциклопедиясының, «Tattialma.kz» балалар әдеби сайтының мобильді қосымшалары. Және де «Менің Қазақстаным», «Қазақстанның ұлы тұлғалары», «Қазақстанның мерекелері» және тұңғыш отандық интелектуалды ойыны – «Кім білгіш?» атты қосымшалары», - деп қосты ол.

Сонымен қатар, қор Soyle.kz порталының жаңартылған және жаңа бөлімдермен толықтырылған нұсқасымен таныстырды. Сайттың дизайны технологиялық тұрғыдан бүгінгі заман талаптарына сай өзгертілген. «Sozdik.soyle.kz», «Сайттар каталогы», «Мақал-мәтелдер», «Жұмбақтар мен жаңылтпаштар», «Бүгінгі күннің сөзі», «Іс-шаралар афишасы» секілді жаңа бөлімдер жасалған. Мысалы, «Кітапхана» бөлімінде «кітапты жүктеу» функциясы пайдаланушыларға өз кітаптарымен бөлісуге мүмкіндік береді. Латын қаріпіне көшу фунциясы енгізілген. Ағылшынтілді пайдаланушылар үшін порталдың ағылшынша нұсқасын жасау қолға алынды.

2016 жылдың қыркүйегінен Soyle.kz әдістемесі бойынша қазақ тілін Skype арқылы оқыту басталды. Бүгінгі таңда Skype арқылы Қазақстан мен шет елдерден 200-ден астам адам тегін қазақ тілін үйреніп жатыр.

Осы жылы Қор ресми іс-қағаздарды жүргізуді онлайн үйрететін тұңғыш —  «Quzhat.kz» атты (іскери құжаттар үлгілері) тегін интернет порталын және қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениеті мен тарихын қамтитын «Жеті қазына» атты мобильді қосымшасын әзірлеуде. Аталған жобалар ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры мен  «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржысына  жүзеге асырылды.




Яндекс.Метрика