Ұлттың денсаулығы

Қазақстанда балалар медицинасы 25 жыл ішінде едәуір жетістіктерге жетті – Денсаулық сақтау министрлігі

Соңғы жылдары қазақстандық медицина жетістіктерінің арқасында балалардың өмір сүру ұзақтығы өсіп келеді. Қазақстандағы балалар медицинасының жетістіктері туралы Strategy2050.kz АА сұратуына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді.
Астана қаласы21 Ақпан , 13:46

Соңғы жылдары медицина жетістіктерінің арқасында онкологиялық аурулармен ауыратын балалардың өмір сүру ұзақтығы өсіп келеді, олардың едәуір бөлігінің толық сауығуына қол жеткізілді.

«25 жыл ішінде 32 000 қазақстандық бала оңалтудан өтті. Соңғы бес жыл ішінде балалар өлімінің (2016 жылы 1000 нәрестеге шаққанда 10,3) және нәресте өлімінің (2016 жылы 1000 нәрестеге шаққанда 8,5) 2 есе төмендеуінің тұрақты қарқыны байқалады. Динамикада соңғы 10 жыл ішінде 1 жасқа дейінгі балалардың туа біткен даму ақауларынан болған өлімі 1,5 есе төмендеген, бұл перинаталдық диагностиканың жақсаруымен және операциялық араласу әдістерін жетілдірумен байланысты. Бүгінгі таңда туа біткен даму ақаулары бар (ТДА) нәрестелердің өмір сүру пайызы 86% құрайды. Балалардың денсаулығын сақтаудағы жетістіктердің бірі неонатологияда жоғары мамандандырылған көмекті дамыту болып табылады», - деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.

Ведомствода осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Қазақстанда тиімді перинаталдық көмек, ДДҰ ұсынған балалар жасындағы ауруларды интеграцияланған жүргізу, перинаталдық көмекті өңірлендіру енгізілгені, клиникалық хаттамалар, дәлелді медицина негізінде диагностикалау және емдеу стандарттары жетілдірілгені, босандыру және балалар стационарлары заманауи жабдықпен жарақтандырылып жатқаны, неонаталды хирургия дамып келе жатқаны, ТМККК тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында барлық жүктілер перинаталдық және жаңа туған нәрестелер неонаталдық генетикалық скринингпен қамтылғаны туралы айтылды.

«Қазақстанда балалар кардиохирургиясы және интервенциялық кардиология дамып келе жатыр. Бүгінгі таңда туа біткен жүрек ақаулары (ТЖА) бар балалар үшін 145 кардиохирургиялық төсек және науқастардың осы контингенті үшін 28 кардиохирургиялық реанимациялық төсек ұйымдастырылған. Жыл сайын ҚР-да 1000 нәрестеге шаққанда ТЖА бар 6-8 бала туады. Жүрекке жыл сайын 2000-нан астам операция жасалады және тағы 400-ден астам рентгенэндоваскулярлық операциялық араласу жүргізіледі», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, елде ДДҰ ұсынған Тиімді технологияларды енгізу республикалық үйлестіру орталығы құрылған, тиімді технологиялар бойынша медицина қызметкерлерін үздіксіз кәсіптік дамытуды қамтамасыз ету үшін өңірлік перинаталдық орталықтар мен балалар ауруханалары базасында өңірлік оқу орталықтары ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, практикадан өтуші медицина қызметкерлерінің білімі мен кәсіптік дағдыларын бағалау республикалық орталығы және медициналық жоо жанынан 6 симуляциялық орталықтар ашылған. Қазақстанда республикалық санитариялық авиация жұмыс істейді, республикалық деңгейдегі мамандардың республиканың шалғайдағы аудандарындағы балаларға көмек көрсетуінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін телемедицина, скайп сияқты заманауи байланыс түрлері қолданылады.

«2012 жылдан бастап ҚР-да ауыр онкологиялық және гематологиялық аурулары бар балаларды емдеуде гемопоэздік дің жасушаларын транспланттау енгізілді. Барлығы 67 транспланттау жасалды, оның ішінде туыстас донордан аллогендік транспланттау - 24, аутологиялық - 43. Транспланттаудың жалпы тиімділігі 60,0%-ға жуық, бұл гемопоэздік дің жасушаларын транспланттауды енгізудің қысқа мерзімі ішінде жақсы нәтиже болып табылады», - деп ақпараттандырды Денсаулық сақтау министрлігі.

Сондай-ақ, ресми хабарламада педиатр кадрларды даярлау жөніндегі бағдарламалардың тұрақты іске асырылатыны туралы атап өтілді. Неонатологтар мен реаниматологтарды нысаналы даярлау жүргізілуде, өңірлердегі дәрігерлер қысқа оқыту модульдері бойынша оқытылуда. Бұдан бөлек, мамандарды оқыту, ең жаңа емдеу хаттамаларын қолдану, таяу және алыс шет елдердегі клиникалардың жетекші мамандарын тарта отырып шеберлік сағаттарын өткізу тұрғысында шетелдік әріптестермен тығыз ынтымақтастық реттелген.

«Қазіргі уақытта оқушыларға медициналық қызмет көрсетуді білім беру жүйесінен денсаулық сақтау жүйесіне беру жүзеге асырылып жатыр. Оның негізгі мақсаты оқушыларға медициналық көмек көрсетуді жетілдіру, балалардың денсаулығын нығайту, аурулардың алдын алу және азайту, оқушылармен, педагогтермен және ата-аналармен аурулардың алдын алу, салауатты өмір салтын ұстану, оқушылардың қауіпсіз және ұтымды тамақтануы мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу», - деп түсіндірді ведомствода.

Қайрат Жандыбаев

 




Яндекс.Метрика