Ғылымды қажет ететін экономиканың дамуы

ИДМ Индустрия 4.0 элементтерін енгізудің кезеңдік жоспарын әзірлеуде

Министрлік Индустрия 4.0 элементтерін енгізу бойынша осы және алдағы жылдарға арналған нақты іс-шаралар жоспарын әзірледі, деді ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің 2016 жылғы жұмыс қорытындылары мен 2017 жылдың бірінші жартыжылдығындағы басты міндеттеріне арналған алқа мәжілісінде ИДМ басшысы Жеңіс Қасымбек.
Астана қаласы20 Ақпан , 15:46

Ал 2017 жылы желтоқсанда базалық салаларды технологиялық жаңғырту бойынша 2025 жылға дейінгі Кешенді жоспар қабылданады.

«Индустрия 4.0 Қазақстан үшін тек қана  алға қойылған мақсат емес, сондай-ақ, ішкі нарықтың тарлығы, теңіз сауда жолына қолжетімділіктің жоқтығы, білікті жұмыс күшінің тапшылығы сияқты өзге де объективтi факторлардың әсерін азайтуға қосымша мүмкіндік береді», - деді Ж.Қасымбек.

Биыл заманауи сандық технологияларды енгізу мақсатында 7-10 пилоттық кәсіпорын таңдап алынады. «Аталмыш кәсіпорындар өзге кәсіпорындарға үлгі ретінде «моделді сандық фабрикалар» қызметін атқаратын болады. Пилоттық жоба бойынша жұмыстар 2018 жылы да жалғасатын болады», - деді министр.

Сандық технологияларды еліміздің жүйе құрушы кәсіпорындарына енгізу жұмыстары да күшейтіледі. Бүгінгі күннің өзінде-ақ бірқатар компаниялар  аталмыш технологияға үлкен қызығушылық білдіріп, сандық шешімдерді енгізуді бастап кетті.

Министрлік ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес елдің инвестициялық ахуалын жақсарту жұмысын жалғастыруда. 2016 жылдың қазан айында инвестиция жөніндегі ЭЫДҰ Комитеті Қазақстанды осы ұйымның қатысушысы ретінде шақыру туралы шешім қабылдаған болатын. Биыл наурыз-сәуір айларында Кеңестің шешімі шығарылады деп күтілуде.

Елімізде жұмыс істеп жатқан және болашақ инвесторлармен тұрақты жұмыс атқарылуда.  «Бір терезе» қағидасы арқылы 2016 жылы 5500-ден астам өтініш түсіп, 8000 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, сондай-ақ, «кері байланыс» қамтамасыз етілуде.

Индустрияландыру Картасы аясында 2016 жылы құны 878 млрд. теңге болатын 130 жоба іске қосылып, 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.  Карта жобалары 2016 жылы 2,2 трлн. теңгенің өнімін шығарды, оның ішінде 1,4 трлн. теңгесі (бүкіл сектордың 18% астамы) өңдеу өнеркәсібінің үлесінде.

Биылғы жылы құны 700 млрд. теңге болатын 100-ден астам жобаны  іске қосу көзделіп отыр. Қосымша 10 мың жұмыс орны ашылады.

Ақбота Күзекбай 




Яндекс.Метрика