Инфрақұрылымды дамыту

Ақтау халықаралық әуежайын қайта құру жұмыстарының екінші кезеңі аяқталды

Ақтау әуежайында ұшу-қону жолақтарын қайта құру жұмыстары аяқталды. Инвестициялық жобаның жалпы құны 47 млн. АҚШ долларын құрады. Оның 36,8 млн. АҚШ долларын мемлекеттік «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ қаржыландырды, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
Маңғыстау05 Наурыз , 00:00

«Жобаның екінші кезеңін іске асыру жолаушыларға қызмет көрсету және қауіпсіздік деңгейін көтеруге мүмкіндік берді. 2010 жылы Ақтау әуежайын қайта құру бойынша жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру аясында жаңартылған жолаушылар терминалы іске қосылды. Терминалдың жаңа қызмет көрсету залдары жылына 3,5 миллион жолаушыны қабылдай алады», - делінген хабарламада.

Стратегиялық маңызы зор халықаралық әуежай – Батыс Еуропаны Оңтүстік Азиямен байланыстыратын әуе бағыттарының қиылысында орналасқан. Қайта құру жұмыстары Парсы шығанағы елдерінен транзиттік жүк тасқынын қабылдайтын «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізіне қатысуға анағұрлым бәсекелі басымдылық береді.

«Бүгінгі таңда Ақтау әуежайы Астана және Алматы қалаларынан кейін тасымал көлемі мен саны бойынша ҚР-да үшінші орында тұр. Әуежайда 90-нан астам отандық және шетелдік әуекомпанияларға қызмет көрсетіледі», - деп толықтырды баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Ақтау халықаралық әуежайы 1983 жылдан бері жұмыс істейді және азаматтық авиацияның әуе кемелерін қабылдау және шығару үшін жабдықталған. 2011 жылдың мамырында Ақтау әуежайы «ТМД елдері бойынша жылдың ең үздік әуежайы» байқауында жеңімпаз атанған.




Яндекс.Метрика