Басқару

Мемлекеттік хатшы Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Жамбыл18 Ақпан , 12:42

Сапар аясында Г.Әбдіқалықова Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы – өсімнің жаңа моделі» деген тақырыппен өткізген, Мемлекет басшысының жолдауын талқылауға арналған кеңейтілген отырысына қатысты.

Сондай-ақ, іс-шараға Жамбыл облысының әкімі, өңірлік Ассамблея төрағасы К.Көкірекбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары –хатшылық меңгерушісі Е.Тоғжанов, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен өңірлік Ассамблея мүшелері, Алматы қаласы, сондай-ақ Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Мемлекеттік хатшы Елбасының жолдауда Қазақстанның үшінші жаңғыруын іске асыру жөніндегі басымдығы бар бес бағытты айқындап бергенін атап өтті. Алға қойған міндеттерді іске асыру үшін барлық алғышарттар мен мүмкіндіктер бар. Соның қатарында Тәуелсіздіктің 25 жылында қоғам мен мемлекеттің жинақталған бүкіл жасампаз әлеуеті, жаһандық трансформациялану кезеңінде жұмыстың негізгі бағыттарын айқындайтын «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бар. Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының былтыр 250-ден астам іс-шара өткізіп, қоғамдық келісімнің нығаюына қосқан үлесін атап өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының 2200-ден астам Қоғамдық келісім кеңестері жұмысының ерекше маңыздылығы атап өтілді.

Сонымен бірге, сапар аясында Мемлекеттік хатшының төрағалығымен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті Байқау кеңесінің отырысы өтіп, онда жоғары оқу орнын одан әрі дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.

Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді.




Яндекс.Метрика