Ұлттың денсаулығы

Медициналық сақтандыру жүйесінде барлық медициналық ұйымдар үшін тең жағдайлар жасалады – Денсаулық сақтау министрлігі

Медициналық сақтандыру жүйесінде меншік нысанына қарамастан барлық медициналық ұйымдар үшін тең және экономикалық тиімді жағдайлар жасалады, деп мәлімдеді ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Маңғыстау облысының жекеменшік медициналық бизнес өкілдерімен кездесуде.
Маңғыстау18 Ақпан , 16:03

Е.Біртанов министрлікте қазіргі таңда бизнестегі кедергілерді жою бойынша белсенді жұмыс атқарылып жатқанын, сондай-ақ, жеке сектордың ұсынымдары қабылданып, министрліктің тікелей диалог құруға мүдделі екенін атап айтты.

«Біз медициналық қызмет көрсететін жеке  қызмет көрсетушілердің үлесі саны жағынан да, қаржы жағынан да артуын күтіп отырмыз. Біз тариф саясатын қарастыруға дайынбыз. Ол сіздердің инвестицияларыңызды ескере отырып, нарық тұрғысынан негізделген болуы тиіс. Сонымен бірге, біз ақпараттық жүйелер арқылы тиімділікті бақылайтын боламыз. Медициналық сақтандыру жүйесіндегі бәсекелестіктің артуын ескере отырып, бағаның өздігінен реттелетінін ұмытпау керек. Аурухана экономикасы мен қызмет сапасын бақылап отыру үщін орташа баланс болуы қажет», - деді Елжан Біртанов.

Денсаулық сақтау министрі жыл соңында Медициналық сақтандыру қорымен жасалған келісімшарттар арқылы халыққа қызмет көрсетудегі жеке емханалардың үлесі анықталып, қазіргі таңдағы кедергілер жойылатынын айтты. 

Өз кезегінде жеке аурухана мен зертхана басшылары министрліктің барша бастамаларына қолдау білдіріп, медициналық техника мен лизинг алу, тарифтерді енгізу мен бірқатар шектеулерді алу туралы мәселелерді талқылауға дайын екендерін мәлімдеді.  




Яндекс.Метрика