Мемлекеттік басқарудың жаңа түрі

2017 жылғы 1 шілдеден бастап кәсіпкерлер фискалдармен болатын дауларды сотсыз шеше алатын болады

2017 жылғы 1 шілдеден бастап кәсіпкерлер фискалдармен болатын дауларды ұзаққа созылатын сот талқылаулары мен орасан зор шығындарсыз шеше алатын болады, деп хабарлады ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов Алматы облысының кәсіпкерлерімен кездесу барысында.
Алматы қаласы18 Ақпан , 11:37

Ел экономикасының базалық құрамдас бөліктерінің бірі ретінде, кәсіпкерлікті дамытудың ерекше рөлін атап өткен Бас Прокурор бизнесті қорғау мақсатында прокуратура қабылдап жатқан шаралар туралы айтты. Бас прокуратураның, «Атамекен» ҰКП-ның және «Нұр Отан» партиясы жанындағы РҚСЖҚІК-нің  «Бизнесті прокурорлық қорғау» атты бірлескен жобасының негізгі бағыттарына тоқталды. Елімізде жайлы бизнес-климат құру бойынша жүрігізіліп жатқан жұмыстың нәтижелерімен бөлісті.

"Бас Прокурордың айтуынша, СЭС пен ТЖ желісі бойынша тексерістер бойынша 11 мың талап жойылмақ. Адамдардың қауіпсіздігі мен денсаулығы үшін маңызды 3 мың талап қана қалады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде әкімшілік процесті ізгілендіру бойынша мәселелер пысықталуда. Атап айтқанда, жеңілдететін мән-жайлар кезінде бизнес үшін әкімшілік айыппұлдарды 30%-ға төмендету жөніндегі ұсыныстар қазіргі уақытта Мәжілісте тұр. Экономикалық қылмыстар қозғаудағы тәсілдерді өзгерттік. Қылмысты тек тексерістер мен зиян актілері бар болса ғана тіркейміз. Нәтижесінде қылмыстық істер 10 есеге азайды", - деп түсіндірді Ж. Асанов.

2017 жылдың 1 шілдесінен бастап кәсіпкерлердің ұзаққа созылатын сот талқылаулары мен орасан зор шығындарсыз фискалдармен болатын дауларды шеше алатындығына назар аударылды. Ол үшін салық және кеден даулары бойынша сотқа дейінгі апелляция институты құрылды.

Өз сөзінде Жақып Асанов уәкілетті органдардың жұмысындағы жекелеген жүйелі кемшіліктерді, сондай-ақ проблемалы мәселелерді атады. Қарағанды қаласындағы тексерістер бойынша жұмыстың нәтижелері туралы айтты, онда Бас прокуратура бригадасы бизнес өкілдерін қылмыстық процеске заңсыз тарту, заңсыз тексерістердің уақытылы жолын кесу бойынша шаралар қабылдамау, кәсіпкерлердің өтініштерін сапасыз қарау фактілерін анықтады. 

Сондай-ақ, Бас прокуратура электрондық форматқа көшуді, қылмыстық процесті оңайлату мен жеделдетуге көшуді ұсынды.

«Жедел қызметкерлер, тергеушілер немесе прокурорлар қылмыстық процесте өздерін қожайын сезінбеулері үшін, электрондық қылмыстық істі енгізетін боламыз. Бұл барлығы ашық болу үшін қажет. Кез келген уақытта не болып жатқанын бақылау және бұзылған құқықтың сұрауын талап ету үшін керек. Тергеп-тексеру мерзімдерін қысқартамыз, әсіресе айқын қылмыстар бойынша. Әлемнің өзге елдерінен көріп отырғанымыздай, істерді біздегідей 3-5 айда емес 1-2 күнде аяқтайды», - деді Бас Прокурор аймақ кәсіпкерлерімен кездесуде. 

Қадағалау ведомствосының басшысы бизнесті қорғау мәселелері бойынша электрондық сервистерді дамытуды ұсынды.

"Жақын уақытта «Бизнес-тірегі» порталының мобильді қосымшасы  іске қосылатын болады. Бас прокуратураның сайтында «Заңды бірге жақсартайық» атты арнайы формуляр бар, онда кәсіпкерлер бизнестің дамуына кедергі келтіретін нормаларды көрсете алады. Бизнес-қоғамдастықтар құқықтық базаны жақсартуға белсендірек қосылуы тиіс. «Бизнестің проблемаларын бизнесмендердің өздерінен артық білетін ешкім жоқ», - деп қорытындылады Ж.Асанов.

 




Яндекс.Метрика