Инвестициялар

2017 жылы Қарағанды облысына 350 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланған

Қарағанды облысында 2016 жылы өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1,9 трлн. теңгеге жетіп, 2015 жылға қарағанда 4,9%-ға өскен. Бұл туралы аймақ басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков халықпен есеп беру кездесуі барысында мәлімдеді.
Қарағанды17 Ақпан , 19:56

«Шығарылған тауарлардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі – 1,5 трлн. теңге, 2015 жылға қарағанда өсім 7,2%-ды құрады», - деп атап өтті облыс әкімі.

2016 жылы аймақта Кәсіпкерлікті дамыту картасынан жалпы құны 141 млрд. теңгені құрайтын 10 жоба іске қосылды, 956 жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл ішінде 141 млрд. теңгенің өнеркәсіптік өнімі шығарылды. Бұл 2015 жылғы көрсеткішке қарағанда 50 млрд. теңгеге артық.

Облыста тоқтап қалған 5 кәсіпорынның жұмысы жандандырылды.

Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 2016 жылы 315 млрд. теңгені құрады, бұл қаржының ¼ бөлігі өңдеу өнеркәсібіне жұмсалды.

Есептік мәліметтер бойынша, тау-кен өндіру саласына тартылатын инвестициялар 31,6%-ға, ауыл шаруашылығында - 25,3%-ға, тұрғын үй құрылысында – 3%-ға ұлғайды. Бұған мемлекеттік қолдау шаралары, «Нұрлы жол» бағдарламасы, дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру ықпал етті.

«2017 жылы 350 млрд. теңге инвестиция тарту міндетін алға қойып отырмыз. Сондай-ақ, трансұлттық компанияларды тарту бойынша жұмыстар жалғасады», - деді Нұрмұхамбет Әбдібеков өз баяндамасында.

 




Яндекс.Метрика