Адами капитал

Тәуелсіздіктің жетістігі мен құндылықтарын насихаттау әр азаматтың парызы – Ж.Асанов

Тәуелсіздіктің жетістігі мен құндылықтарын насихаттау әр азаматтың парызы, деді ҚР Бас Прокуроры Ж. Асанов Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де студенттермен кездесуінде.
Алматы қаласы17 Ақпан , 19:02

Кездесуде Бас Прокурор жаңа жұмысқа кіріскенде кадр таңдау мәселесіне баса назар аударғанын айтты. «Жастар арасында сауалнама жүргіздік. Студенттердің 95 пайызы танысың, ағаң, көкең болмаса прокуратураға тұру мүмкін емес деп жауап берген. Осы көзқарасты біз өзгерттік, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Қазір еш таныссыз, байланыссыз бізге жұмысқа тұруға болады. Екі конкурс өтті. 2 мың кандидаттың ішінен тек 126-сы жұмысқа қабылданды. Оның 21-і, әрбір алтыншысы, осы Университеттің түлегі. Сондықтан сіздерді құттықтаймын» деп жиналғандардың көңілін көтеріп тастады.

Бұған қоса, Ж. Асанов жастармен тәуелсіздік жетістіктері тұрғысында ойымен бөлісті. Егемендіктің қадірі, шекара мәртебесі және Астананың қарқындап дамуы – жастардың қолындағы басты байлық екенін шегелеп айтты. Құрғақ сөз болмасын деп, адамдардың өмір сүру деңгейін 90-шы жылдармен салыстырып берді.

«Өмір сүру 67 жастан 72-ге ұзарды, бір жылда 350 мың бала туылса, қазір 400 мың, бала өлімі 2 есе азайды, ана өлімі 6 есе төмендеді, 1 млн. қандасымыз елімізге оралды», - делінген хабарламада.

Осы жетістіктер мен құндылықтарды сақтап қана қоймай, жүрген жерде оны айтып, таратып жүру – әр азаматтың парызы екенін жеткізді.

Ж.Асанов сөз соңында студенттерге ақыл-кеңестерін берді. Білім алып, көшбасшы болуға талпыну қажеттігін айтты. Адам өз-өзін дамыту үшін қажет қасиеттерді тізбектеп берді. Кітап көп оқуға кеңес берді.  




Яндекс.Метрика