Өңірлер

Оңтүстік Қазақстанда 600-ден астам кооператив іске қосылады

Оңтүстік Қазақстан облысында 2017-2020 жылдары ішінде 90 мың жеке шаруа қожалықтарынан құралған 600-ден астам кооперативтер нақты іске кіріседі. Бұл туралы облыс әкімі Ж.Түймебаев халық алдында өткен есепті жиында алдағы жылдары атқарылатын жұмыс жоспарымен бөлісу барысында айтты.
Южно-Казахстанская область17 Ақпан , 19:28

«Елбасы биылғы жылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін экономиканың жаңа драйверіне айналдыру міндетін қойып отыр. Осы бағытта, шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтар кірістерін арттыру, өнімін өткізу, сақтау көзделуде. Өндіріс құралдарымен және материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтау, қаржыландыруға қол жеткiзе алу үшін кооперативтер жүйесін жетілдіріп, өңірлік басымдылығына қарай агро аймақтар құратын боламыз. Етті, сүтті мал шаруашылығын өркендету мен құс, балық шаруашалығын дамыту қоса жүргізіледі», - деді өңір басшысы.

Мәселен, 2017 жылдың өзінде мал бордақылау алаңдары бар 30 жекелеген қосалқы шаруашылық біріктірілетін болады. Осылардың бірі «Қайып ата» мекемесі жанынан 2000 бас малды бордақылайтын «Ханшайым» кооперативі құрылып, жылына өндірілетін 1 мың тонна өнім толығымен экспортқа жөнелтіледі. Сонымен қатар, осы жылы 3000-нан астам отбасы 30 мыңнан аса ірі қара малды бордақылайтын алаңдар мен 723 жанұялық сүт фермасын ашу жоспарлануда. Сонымен бірге, сүт өнімділігін арттыру бағытында «Қазына жер ЛТД» мекеме жанынан 2600 бас ірі қара малды ұстайтын  6 кооператив ұйымдастырылып, жылына 8 мың тонна сүт өндіру көзделуде. Ал, «Атамекен» корпорациясы Төлеби ауданында  20 шаруашылықты біріктіріп, 400 басқа арналған сүт өндіру кооперативін қолға алды.

Ал, құс етін өндіру үшін ағымдағы жылы 56 мың басты бағатын 14 құс фермасы ашылады. Бұдан бөлек, «Шымкент құс» мекемесі мен қаржы институттарының қолдауымен Төлеби ауданындағы 20-дан астам шаруа қожалық бірігеді.

Сонымен қатар, осы жылы балық шаруашылығы бойынша 7 балық өндіру кәсіпорнын құру жоспарлануда.   Және Қазығұрт, Төлеби, Сайрам аудандарында қарқынды алма, жаңғақ баулары мен Шымкент қаласы және Сарыағаш ауданында жылыжай кешені агро аймақтарын қосу  көзделуде.

Нәтижесінде 90 мың жеке шаруа қожалықтарынан құралған 600-ден астам кооперативтер нақты іске кіріседі. Бүгінгі күні жаңадан 17 мыңнан астам ұсақ шаруашылықтарды біріктіретін 242 кооператив құрылды.




Яндекс.Метрика