Адами капитал

Қазақстанда 11 мыңнан астам инфрақұрылым нысаны мүгедектер ыңғайына лайықталды

Елімізде 2012 жылдан бері 11 мыңнан астам әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысаны мүгедектер ыңғайына лайықталды.Бұл туралы, бүгінгі брифинг барысында, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова хабарлады.
Казахстан17 Ақпан , 14:59

Қазақстанда, 2012-2016 жылдар аралығы, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымына жататын 27,8 мың нысан мүгедектерге қолжетімділігі тұрғысынан төлқұжаттандырылды. Оның ішінде 17,5 мың нысан бейімделуге тиесілі болса, 11 мың 212-сі мүмкіндігі шектеулі жандардың қажетіне икемделді.

Ол, өз баяндамасының басында, Қазақстан 2015 жылы Мүгедектер құқығы жайлы конвенцияны мақұлдаған соң, мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға қатысты халықаралық стандарттарды енгізуге байланысты міндеттерді іске асыруға кіріскенін еске салып өтті. Аталған құжат қағидаттарын жүзеге асыру мақсатында, сол жылы «Мүгедектер құқығын қорғау мәселелері бойынша кейбір ҚР заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданған және онда 3 кодексті қосқанда, 24 заңнама актісіне түзетулер жасалған.

«Заңға түзетулер жасаудағы басты мақсат – мүгедектер мен өзге де іс-қимылы баяу тұрғындар тобының кедергісіз қозғалып тұруын қамтамасыз ету. Анығырақ тоқталсақ, темір жол вокзалдары мен станцияларында, айлақтар мен әуежайларда арнайы жол белгілерін орната отырып, мүгедек жандарға автокөлік құралдарын қоятын орындар қарастыру; көзі нашар көретін, құлағы естімейтін азаматтарға қолжетімді болатындай ақпараттық әрі белгі беру құрылғыларымен және байланыс құралдарымен жабдықтау; тірек-қозғалыс жүйесі бұзылған жандарға қызмет көрсетуге керек кезекші қоларбаның болуы; қоларбада отыратын мүгедектерге мамандандандырылған таксофондар орнату сынды талаптар бекітілді. Қызмет иелерінің немесе кәсіпкерлікпен айналысатын заңды-жеке тұлғалардың мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына кедергісіз өтуін қамтамасыз етпеуі, айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке әкеп соқтырады. Қызмет иелеріне салынатын айыппұл мөлшері 50 айлық есептік көрсеткішті құраса, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 120 АЕК, орта кәсіпкерлікке – 200 АЕК, ірі кәсіпкерлік санатына 400 АЕК болып есептелген», - деп түсіндірді Светлана Жақыпова.   

Мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына кедергісіз өтуін қамтамасыз ету аясында, 2012 жылдан бастап, жыл сайын оларды бейімдеудің өңірлік жоспарлары жасалуда, ал ҚР ЕХӘҚМ мамандары атқарылған жұмысқа тұрақты түрде сараптау жүргізуде. 




Яндекс.Метрика