Өңірлер

ОҚО өткен жылы астық жинаудан ең үлкен рекордтық көрсеткішке қол жеткізді - әкім (ФОТО)

ОҚО өткен жылы астық жинаудан ең үлкен рекордтық көрсеткішке қол жеткізді, деді Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев 2016 жылы атқарылған жұмыстар бойынша халық алдындағы есебінде.
Южно-Казахстанская область 17 Ақпан, 13:04

Өткен 2016 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталған өңір басшысы өнеркәсіп саласында 776,8 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп,  2015 жылмен салыстырғанда 4,4%-ға артқанын айтты. Бұл көрсеткіш бойынша біздің облыс республикада 3 орынды иеленіп отыр.

 Индустриалдық – инновациялық даму бағдарламасының аясында былтыр 19 жоба іске қосылып, 600-ден астам жұмыс орны ашылды.  2016 жылы индустриалды аймақтарында 15 жоба іске қосылып,  6 млрд. теңге инвестиция тартылды. Жалпы, облыстағы индустриалды аймақтарда 200,5 млрд.теңгеге 170 жобаны іске асырып, 12 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған.

«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 303 жобаға қолдау көрсетіліп,  2126 жұмыс орны құрылды.  Барлық аудан, қалаларда "Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары" арқылы 37 232 адамға көмек көрсетілді. Облыс экономикасына өткен жылы 380,6 млрд.теңге инвестиция тартылды. 

Есепті жылы облыста 530 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Денсаулық сақтау саласында 4 нысан, білім саласында  39, ал мәдениет саласында 8, спорт саласында 2 нысан  қолданысқа берілді. Сондай-ақ,  «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 18,8 млрд. теңге игеріліп, нәтижесінде 72,2 мың адам қамтылып, осы бағдарлама аясында 36,2 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.

Өткен жылы аймақта 24 ауыз су,  25 табиғи газ нысандары пайдалануға берілсе, 640,9 шақырым автомобиль жолдары мен елді мекен көшелеріне құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл өткен 2016 жылы атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана.

«Соңғы жылдары облыстың агроөнеркәсіптік өндірісінің дамуында оң үрдістер байқалып отыр. Ауыл шаруашылығында жалпы өнімінің өсу динамикасы сақталып, егін шаруашылығын әртараптандыру, асыл тұқымдандыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл мемлекеттің белсенді бюджеттік саясатының арқасында мүмкін болуда. Есепті жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 445 млрд. теңгені құрап, 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,9% артты. Егіс көлемі 13 мың гектарға ұлғайып, 788,8 мың гектар болды»,- деді әкім.

Айта кету керек, Оңтүстік диқандары былтыр орташа есеппен 633 мың тонна дәнді дақыл жинаса, ол  2015 жылмен салыстырғанда 8,9%-ға артық. Дәнді дақылдың түсімділігі орташа 25,1 цн/га құрап, Қазақстанның Тәуелсіздік кезеңіндегі ең үлкен рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Сонымен қатар, 2016 жылы 1060 мың тонна  көкөніс, 1264 мың тонна  бақша өнімдері, 268 мың тонна картоп, 287 мың тонна  мақта жиналды. Бұл жоғарғы өнімділік еңбекқор да іскер жерлестеріміздің арқасы деп білеміз.

 





Яндекс.Метрика