Халықаралық интеграция

Н.Нығматулин Қазақстандағы Иран елшісін қабылдады

Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстандағы Иран Ислам Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Моджтабу Дамирчилуды қабылдады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Астана қаласы 16 Ақпан, 16:48

Кездесуде екіжақты қарым-қатынаспен қатар, парламентаралық үнқатысуды нығайтудың маңызды сұрақтары талқыланды.

Мәжіліс Спикері елшіні аталған мемлекеттің ұлттық күні-Ислам революциясының 38 жылдығымен және екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына  25 жыл толуымен құттықтады.

Мәжіліс Спикерінің айтуы бойынша, өткен жылғы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Иранға және Иран Президенті Хасан Руханидың  Қазақстанға ресми іссапарлары екі ел байланысының нығаюына айрықша серпін берді.

    Иран елшісімен халықаралық мәселелерді талқылау барысында Н.Нығматулин  Иранмен тату көршілік қатынастарды дамыту біздің еліміздің ең маңызды сыртқы саяси басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

    Сонымен қатар,  Н.Нығматулин Қазақстанның халықаралық және аймақтық өзекті мәселелер төңірегіндегі  белсенді және сындарлы ұстанымына тоқталды. Нақтылай кететін болсақ, Елбасының бастамасымен Қазақстанның  Иран ядролық бағдарламасы аясында келіссөз алаңын ұсынуы әңгіме өзегіне айналды.

    Мәжіліс спикері сондай-ақ, Қазақстанның бастамасымен Астана қаласында азық-түлік қауіпсіздігі жөнінде Ислам Ұйымының құрылуын қолдағаны үшін Иран мемлекетіне алғысын білдірді. «Қазақстан Президенті 2017 жылы 10-11 қыркүйекте Астанада ғылым және технология бойынша ИЫҰ Саммитін шақыру туралы бастама көтерді. Біз, осы жоғары деңгейдегі маңызды іс-шараға Тегеран белсенді түрде қатысады деп үміттенеміз», - деді Нұрлан Нығматулин.

    Сириядағы жағдай туралы айта келіп, Мәжіліс Төрағасы оның  аймақтық проблемалар шеңберіне сыймайтын, әлемдік деңгейдегі күрделі дағдарыстардың бірі екенін айтты.  «Қазақстан бұл жанжалды реттеуге бағытталған  халықаралық қауымдастық қабылдаған шараларды қолдайды», - деді.

    Өз кезегінде М.Дамирчилу,  Иранның Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық және аймақтық мәселелерді шешу жолындағы барлық бастамаларын құптайтындығын жеткізді.

    Парламентаралық деңгейдегі жұмыс жайын сөз еткенде Мәжіліс Төрағасы  осы сессия соңына дейін Парламенттің алдында маңызды реформаларды заңнамалық қолдау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылатынына тоқталды.

    Кездесу иелері парламентаралық тиімді байланыс екіжақты қарым – қатынастарды  одан әрі тереңдетуге септігін тигізетініне сенімді.





Яндекс.Метрика