Халықаралық интеграция

Сенатор Д. Назарбаева француз парламентшісіне конституциялық реформа туралы әңгімеледі

Парламент Сенаты Халықаралық қатаныстар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева Франция Ұлттық Ассамблеясының депутаты Тьери Марианимен кездесті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Астана қаласы 16 Ақпан, 15:36

Д. Назарбаева мейманға Президент өкілеттігінің бір бөлігін заң шығару және атқарушы билік тармақтарына беруді көздейтін Қазақстандағы конституциялық реформалар туралы, сондай-ақ Үкіметтің Парламент алдында есептілігін арттыру туралы әңгімеледі. Биылғы жылғы Францияда болатын президент сайлауы туралы пікір алмасылды. Т. Мариани Еуразиядағы интеграциялық үрдістерге назар аударды.

Осыған байланысты Д. Назарбаева ЕАЭО мен Еуропалық Одақ арасындағы диалогтың өрістеуіне үміт артатынын, ол экономикалық, сауда және гуманитарлық байланыстарды дамытуға оң ықпал ететінін жеткізді. Кездесу барысында екі мемлекет бетпе-бет келіп отырған терроризм мәселесіне де назар аударылды. Д. Назарбаева бұл қатермен Қазақстанда қалай күрес жүріп жатқаны туралы хабардар етті.

Француз парламентшісі Қазақстан мектептерінің тәжірибесін, жастарға теріс насихат жүргізудің алдын алуға мүмкіндік беретін тарих пен дінтану негіздерін оқу бағдарламасымен танысуға ықыласты екенін жеткізді. Сондай-ақ құқықтық мәселелер, атап айтқанда Таяу Шығыстағы террористік топтарға қосылған адамдардың азаматтығын шектеу мүмкіндігі де талқыланды.

Д. Назарбаева француз парламентшісін Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне келуге шақырды және шара аясында шетелдік компанияларға арналған ауқымды мүмкіндіктерді атап өтті. Т. Мариани өз кезегінде қазақстандық әріптестерін 6 наурызда Парижде өтетін «Франция аймақтарының Орталық Азия елдерімен экономикалық ынтымақтастығының келешегі» конференциясына қатысуға шақырды. Д. Назарбаева біздің мемлекеттеріміз арасындағы экономикалық байланыстарға қосымша серпін беретін ол форумға Сенат делегациясының қатысатынын айтты.

 





Яндекс.Метрика