Экология

А.Әміртай: Гендік модификацияға барынша сақтықпен қарауымыз керек

Астана қаласы16 Ақпан , 10:20

Тағам өнімдерін климатқа, сапасына қарай бейімдейтін гендік модификацияға мейлінше сақтықпен қараған дұрыс. Бұл пікірді «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының президенті Азаматхан Әміртай зиялы қауым өкілдерінің отырысында айтты.

«Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының жанынан гендік модификацияны талқылайтын арнайы алаң құрып отырмыз. Әлемде қазіргі уақытта гендік модификацияға қатысты түрлі пікір бар. Біреулері жақтаса, біреулері қарсы болып жүр. Біз адам ағзасына зияны тимейтін, сапалы өнім беретін жолды қарастыруымыз керек. Гендік модификация бұл орайда қаншалықты тиімді? Адам ағзасына қандай әсері бар? Ғалымдардың көпшілігі гендік модификацияға қалай қарайды? Міне, біз осы сұрақтарды кеңінен талқылайтын боламыз. Шетелдік тәжірибелерді ескереміз», - деді А.Әміртай.

Ол айтып өткендей, мамандар жасанды өнім адамзатты жаппай аштықтан құтқарады десе, кей ғалымдар ол ағзаға зиян келтіру мүмкін дейді. Мәселен, дамыған елдер осы әдіспен өсімдіктерді суыққа шыдамды етіп шығарады, тіпті, картоп, алмаға құрт түсірмеудің амалын ойлап табуда.

«Гендік модификацияланған өнімдерді қолдануды АҚШ ғалымдары жақтаса, Ресей ғалымдары гендік модификацияны адам ағзасына кері әсері бар деп санайды. Мүмкіндігінше, гендік модификацияланған өнімдерді қолданбауға кеңес береді», - деді ол.

Сондай-ақ, гендік модификацияланған өнімдерді қолдану әлемдегі азық-түлік дағдарысын шешу үшін және аштықтың алдын алу үшін жасалып отыр.

«Бұл орайда біздің еліміздегі ғалымдардың пікірі әр түрлі екенін білеміз. Сондықтан бұл мәселеге аса сақтықпен қарауымыз керек», - А.Әміртай.

Айта кетейік, «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының жанынан құрылған пікірталас клубының отырысына қатысқан ғалымдардың да пікірі гендік модификацияланған өнімдерге екіұшты екенін байқатты. Клуб отырысы алдағы уақытта да ұйымдастырылып,бұл мәселеге қатысты ұсыныстарын жариялайтын болады.




Яндекс.Метрика