Халықаралық интеграция

Өзбекстан қазақстандық шаруашылықтардың мал өсіру әдістерін қолдануға ниетті

Аграрлық сала Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтудің негізгі бағыттарының біріне айналды, бұл жөнінде Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы елшісі Ерік Өтембаевтың Өзбекстанның Премьер-министрінің орынбасары, ауыл және су шаруашылығы министрі Заир Мирзаевпен кездесуі барысында белгілі болды.
Әлемде 16 Ақпан, 10:53

ҚР Сыртқы істер министрлігінде хабарланғандай, тараптар әңгімелесу аясында екіжақты ынтымақтастық, Өзбекстаннан ауыл шаруашылығы өнімінің Қазақстанға экспортының перспективалары, қазақстандық инвестицияларды елдің агроөнеркәсіптік секторына тарту мәселелерін талқылады. Қысқа уақыт ішінде өзбек көкөністері мен жемістерінің Қазақстанға импортының, сондай-ақ жеміс-көкөніс өнімінің ресейлік нарыққа транзиттік жеткізілімінің едәуір өскені атап өтілді.

З. Мирзаев Өзбекстан басшылығы ауыл шаруашылығына аграрлық өнімді өсіру, сақтау және терең өңдеу бойынша озық технологияларды енгізу, елдің мелиорация жүйесін жетілдіру, сондай-ақ ресурс үнемдейтін және энергия тиімді технологиялық процестерді барлық жерде қолдану міндетін қойғанын ерекше атап өтті.

Е. Өтембаев Қазақстан мен Өзбекстанның бірыңғай агроөнеркәсіптік кластер жасау, ауыл шаруашылығы машиналарын шығару жөніндегі бірлескен кәсіпорындарды іске қосу, екі елдің өңдеуші кәсіпорындары мен фермерлік шаруашылықтары арасындағы кооперацияларды кеңейту, шекара маңы және өңіраралық ынтымақтастықты қарқындату жолдары сияқты жобалармен байланысты экономикалық өзара іс-қимыл перспективалары туралы айтты.

«Осы кездесу қазақ және өзбек мамандары арасында жылыжай шаруашылығын дамыту, өсімдік шаруашылығы, жеміс-көкөніс өнімін терең өңдеу саласында жаңа байланыс орнатуға бағытталған. сондай-ақ, Қазақстан Өзбекстанның мелиорация саласының озық тәжірибесін зерттеуге және бағбаншылық шаруашылықтар қызметін тиімді ұйымдастыру бойынша тәжірибе алмасуды реттеуге мүдделі», - деді Қазақстан елшісі.

Қорытындылай келе, тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығы мен болашағын атап өтті. Барлық мүдделі мәселелер бойынша тұрақты ақпарат алмасуды жалғастыру, қазақ және өзбек өндірушілері расындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге және кооперациялық байланыстарды нығайтуға ықпал ету туралы шешім қабылданды. 





Яндекс.Метрика