ҚР Президентінің Жолдауы

Р.Сүлейманов: Елбасы Жолдауындағы міндеттерді бірлесіп орындау керек

Елбасы Жолдауындағы тапсырмаларды орындауда күш-жігерімізді біріктірсек, біз алға қойылған ауқымды міндеттерді орындаймыз деген нық сенім бар, деді «ҚазТрансГаз» АҚ Бас директоры Рустам Сулейманов «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауына қатысты айтқан пікірінде.
Астана қаласы 16 Ақпан, 10:16

«Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына жолдауында негізгі міндеттерге қатысты нақты әрі байыпты түсінік берді, әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылу үшін баршамыздың алдымызда оларды шешу міндеті тұр», - деді Р.Сүлейманов.   

Директор айтып өткендей, Мемлекет басшысы еліміздің мұнай-газ және тау-кен металлургиялық кешендерінің стратегиялық маңызын баса атап өтті. Минералдық-шикізаттық базаны кеңейтуге айрықша назар аударылуы тиіс.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін көмір қабаттарының метанын геологиялық барлау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Көмір қабаттарының метанын өнеркәсіптік өндіруді ұйымдастыру болашақта Қазақстан Республикасында жаңа отын-энергетикалық саланы құруға мүмкіндік береді, өз кезегінде ол бірқатар әлеуметтік, энергетикалық және экологиялық міндеттерді шешуге ықпал ететін болады», - деді ол.

Сондай-ақ, соңғы жылдары Қазақстанның газ саласы толықтай техникалық қайта жарақтандырылды, барлық салынып жатқан инфрақұрылым газ тасымалдаудың әлеуетін ұзақ жылдарға жарайтын аса жоғары технологиялық жабдықпен жарақтауға мүмкіндік берді.  

«ҚР аумағы бойынша солтүстік бағытта Ресейге «Орталық Азия – Орталық» жүйесі бойынша, сондай-ақ шығыс бағытта Қытайға «Қазақстан-Қытай» МГҚ бойынша  түркіменстанда және өзбекстанда өндірілетін газ тасымалданады», - деді директор.   

Оның айтуынша,  біздің ел маңызды Қазақстан-Қытай халықаралық газ тасымалы дәлізін қалыптастыру барысында қазіргі заманғы компрессорлық станцияларды, газ айдау агрегаттарын салу және басқа да жаңа инновацияларға негізделген технологияларды енгізу есебінен өзінің транзиттік әлеуетін арттырды. Бұл еліміз үшін барынша пайда табуға және бүкіл газ инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік берді.  

Мемлекет басшысының жолдауын іске асыру Қазақстанға экономиканың шикізаттық бағыттан біртіндеп бас тартуға мүмкіндік береді деп санаймын. Логистикада ірі жобаларды іске асыра отырып, Қазақстан еуразиялық өңірде көліктік-транзиттік хабқа айналып отыр. 

«Біз транзиттік инфрақұрылымның өткізу қабілеттін дамыту және арттыру, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту жөніндегі жобаларды белсенді түрде іске асырудамыз.  Сонымен қатар ресурстық базаны ұлғайту жөніндегі жобаларға барынша назар аударамыз. Осы жылы біз Жамбыл облысындағы Амангелді газ кен орындары тобы құрамындағы Айрақты кен орнын тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалануға енгізуді жоспарлап отырмыз», - деді Р.Сүлейманов.  





Яндекс.Метрика