Парламент

Республикалық бюджет шығыстары 2,6 трлн теңгеге артқан – Сүлейменов

Республикалық бюджет шығыстары 2017 жылы 2 трлн 615,1 млрд теңгеге артты, деп хабарлады ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында.
Астана қаласы15 Ақпан , 14:17

Отырыста ҰЭМ басшысы 2017 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің анықталған болжамы туралы айтты.

«Республикалық бюджет кірістері 2017 жылы 4 трлн 891,9 млрд теңге көлемінде бағаланады, бұл бекітілген жоспардан 553,7 млрд теңгеге жоғары. Бюджет шығыстары бойынша болжам 2017 жылы 11 трлн 176,4 млрд теңге көлемінде анықталған, бұл бекітілген көлемнен 2 трлн 615,1 млрд теңгеге жоғары. Ұлттық қордан кепілдік берілген трансферт бұрын бекітілген 2 трлн 880 млрд теңге көлемінде сақталған», – деп мәлімдеді Т. Сүлейменов.

Осы ретте, министрдің айтуы бойынша, 2017 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер болжамы келесі факторлардың негізінде түзетілген. ЖІӨ-нің 1,9-дан 2,5%-ға дейін өсімін анықтау – 2017 жылы ЖІӨ 49,7 трлн теңге көлемінде болжанады, бұл бекітілген көрсеткішке қатысты 1,35 трлн теңгеге жоғары. ЖІӨ өсімі өнеркәсіпте - 3% дейін, өңдеу өнеркәсібінде – 2,6% деңгейінде, құрылыста – 2,6% дейін және көлік және қаттау саласында 4% дейін өсу қарқыны есебінен күтілуде.

Сондай-ақ, министр мұнай өндіру көлемі 2017 жылы 81 млн тоннаға дейін ұлғайғанын атап өтті. Мұнай бағаларының болжамы бір баррель үшін 35-тен 50 АҚШ долларына дейін артқан. Болжамдар бойынша, металл бағаларының индексі 2016 жылғы деңгейге 5,5% ұлғаймақ. АҚШ долларының есептік бағамы 360 теңгеден 330 теңгеге дейін төмендеген. Инфляцияның нысаналы дәлізі бұрын бекітілген 6–8% деңгейінде сақталған.

Жалпы бюджеттің түзетілген жобасы макроэкономикалық және әлеуметтік тұрақтылықтың сақталуын қамтамасыз етеді және барлық әлеуметтік міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етеді.

Еске сала кетейік, ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралған болатын. 




Яндекс.Метрика