Парламент

Н.Нығматулин ІІМ ұсынған айыппұлдарды тым қатаң деп атады

Президент жазаны жеңілдету міндетін қойған болатын, ал сіздер керісінше қатаңдатып жатырсыздар, деді палата төрағасы Нұрлан Нығматулин ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында.
Астана қаласы15 Ақпан , 11:54

Н. Нығматулин айыппұл мөлшерін ұлғайтуды көздейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына енгізілетін түзетулерді қатаң сынға алды.

Заң жобасында төтенше жағдай және терроризмге қарсы операция аймағындағы билік өкіліне қатысты бағынбау мен зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту көзделеді. Атап айтқанда, бағынбау үшін айыппұлды – 100 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін, ал адам өмірі немесе денсаулығы үшін қауіпті емес зорлық-зомбылық үшін 2 мың АЕК-тен 5 мың АЕК-ке дейін көтеру ұсынылады.

Мәжіліс Спикері құқық қорғау және арнаулы органдар қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын қорғаудың қажеттілігін алға тарта келіп, алайда, айыппұл мөлшерін арттыру қылмыстар санының азаятынына кепілдік бермейтіндігін баса атап өтті.

«Елбасы ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін жазаны жеңілдету туралы міндет қойып отыр. Оны жүзеге асырудың орнына заң жобасында айыппұлдарды қатаңдату ұсынылған», – деді Н. Нығматулин түзетулерді әзірлеушілерге.

Оның айтуы бойынша, аймақтарда өткен кездесулерде сайлаушылар әртүрлі айыппұлдардың көлеміне қатысты көптеген сұрақтар қойған.

«Сонымен бірге, Елбасы тапсырмасына қайшы болғандықтан, біз бұл түзетумен келіспейміз.  Сондықтан,  тағы да бірлесе жұмыс жасап, екінші оқылымға дейін талапқа сәйкестендіру керек», - деп түйіндеді Н. Нығматулин.

Жалпы заң жобасы қылмыстық қудалау және прокуратура органдарының өкілеттіктерін анағұрлым нақтылауға, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталып отыр.




Яндекс.Метрика