Дамыған 30 елдің қатарына ену талаптар мен көрсеткіштер

Биылғы Жолдау Қазақстанның үшінші жаңғыруына арналады – Назарбаев

Нұрсұлтан Назарбаев арнайы үндеуінде биылғы Жолдауы Қазақстанның ұлттық технологиялық жаңғыруының үшінші кезеңіне арналатынын мәлімдеді.
Астана қаласы30 Қаңтар , 21:36

«Ширек ғасырда біз елімізді түбегейлі өзгерткен екі жаңғыруды іске асырдық. Алдымен, нарықтық экономика қағидаларына негізделген мүлдем жаңа сипатты мемлекет құрдық. Екіншіден, «Қазақстан-2030» стратегиясын жүзеге асырып, асқақ Астанамызды салдық. Ал, қазір кезекті маңызды белестің алдында тұрмыз. Мен биылғы Жолдауымда ел дамуына тың қарқын беретін жаңа бағдарды ұсынбақпын. Бас тақырып – Қазақстанның үшінші жаңғыруы», - деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.

Президент атап өткендей, Үшінші жаңғырудың негізгі басымдықтарының бірі экономиканың жылдам технологиялық жаңаруы болмақ.

«Ол еліміздің экономикалық дамуының инновациялық өзегіне айналып, бәсекелік қабілетін арттыра түсуі тиіс. Біз сандық технологияларға негізделген болашағы зор бағыттарға айрықша мән беретін боламыз. Мемлекеттің экономикаға қатысуын барынша азайту қажет. Бизнес үшін барлық ықтимал шығындарды азайтып, мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту қажет», - деп атап өтті Н. Назарбаев.

Оның айтуынша, өсудің болашақ моделінің топтары арасында агроөнеркәсіп кешені, көлік және логистика болмақ.

«Өсудің болашақ моделінің топтары арасында агроөнеркәсіп кешені, көлік және логистика болмақ. Тұрғын үй нарығының дамуы және оны мемлекеттік қолдау шаралары туралы бөлек сөз қозғалады. Ал, білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау және баспанамен қамтамасыз ету сияқты маңызды салалар қашанда басты назарда қала бермек. Сондай-ақ макроэкономикалық саясат та жаңғыруды талап етеді», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, ол Үкіметке еліміздің Үшінші жаңғыруы бойынша «Қазіргі заманның сын-тегеуріндеріне жауап ретінде Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» деп аталатын 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын әзірлеуді тапсыратынын мәлімдеді.

«Үкімет алдында шешу үшін барлық қажетті ресурстар мен мүмкіндіктер бар күрделі мақсаттар мен міндеттер қойылды. Осының барлығы ұзақ мерзімді болашақта экономикалық өсудің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Осылайша біз «Стратегия-2050» негізгі мақсаты – Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруіне қол жеткізе аламыз», - деп қорытты Н. Назарбаев.

Қайрат Жандыбаев




Яндекс.Метрика