ҚР ИИДМБ

Жамбыл облысында 16 жоғары технологиялық химиялық зауыт салынбақ

Жамбыл облысында сапалы химиялық өнім өндірілетін болады, деп хабарлады өңір әкімдігі.
Жамбыл30 Қаңтар , 13:47

«Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы еліміздің жаңа экономикалық саясаты бағдарламасына енді. АЭА аумағында жалпы жылдық қуаттылығы 2 млн тоннадан астам дайын өнімді құрайтын 16 жоғары технологиялық химиялық зауыт салынатын болады.

Шу ауданында кәсіпорындар тұрғызу үшін ауданы 505 га жер учаскесі бөлінген. 2013 жылы басқарушы компания құрылған. Жобаның құны 4,2 млрд теңгені құрады.

«АЭА-да сапалы химиялық өнім өндіру жоспарланып отыр. Күйдіргіш сода, хлор, глифосат, аммиак, полиэтилен, пестицидтер, сутек тотығы және басқалары өндірілетін болады. Бұл химиялық өнімдер республикамызда шығарылмайды немесе аз мөлшерде шығарылады», - деп атап өтілді әкімдікте.

Аймақ теміржол төсемі мен магистральды көлік жолына жақын маңайда орналасқан, жанында жоғары вольтты желілер өтеді. Суды Тасөткел су қоймасы қамтамасыз ететін болады. Бүгінде инфрақұрылымдық нысандарды салу жүргізіліп жатыр. Кіреберіс жолдар дайын. Сыртқы электрмен және газбен жабдықтауды қамтамасыз ету бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Болашақта осы орында зауыттар салынатын болады. Барлық кәсіпорындар өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді.

Жоба бойынша консультант ретінде әлем бойынша 140-тан астам жобаны сәтті іске асырған белгілі Jurong сингапур консалтингтік компаниясы таңдалған. 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылатын болады.

Бүгінгі таңда «Тараз» химиялық паркі» АЭА-да бес қатысушы тіркелген. Олардың арасында «Хим-Плюс», «Gadamindustries», «Central Asia Chemical», «Inter-marketing» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және «Ника» өндірістік компаниясы бар.

Жобалар бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 27 млрд теңгеден астам. Болашақ өндірістердің айналасында 100-ден астам ШОБ субъектілері пайда болады деп болжануда.

АЭА-ны іске қосу кезең-кезеңмен жүргізіледі. Алғашқы зауыттың іске қосылуы 2018 жылға жоспарланған.




Яндекс.Метрика