Мемлекеттік басқарудың жаңа түрі

Қайрат Мәми ҚР Конституциясына өзгерістер енгізуге қатысты өз ұсыныстарын айтты

«Қазақстан Республикасы судьяларының VII съезінде Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыру туралы» 2016 жылғы әділет атқару қорытындылары бойынша өткен жоғарғы сот органы судьяларының кеңейтілген кеңесі барысында Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми 2017 жылғы 11 қаңтарда Мемлекет басшысы құрған мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобы қызметінің барысы және ҚР Конституциясына бірқатар өзгерістер енгізуге қатысты ұсыныстар туралы айтып берді.
Астана қаласы27 Қаңтар , 12:14

«Мемлекеттің дамуының жаңа кезеңі Парламент пен Үкіметтің елдегі істердің ахуалы үшін жауапкершілігін күшейту туралы мәселені алға қояды. Биліктің сот тармағы да еліміздің саяси-құқықтық жүйесін жаңғыртуға едәуір үлесін қосады. Жоғарғы соттың алғашқы ұсыныстары сот құрылысы мен сот ісін жүргізу мәселелеріне, сот жүйесінің Үкіметпен, Парламентпен және басқа мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынастарына қатысты», - деді Қ. Мәми.

Ол алдағы реформалар аясында Жоғарғы сот ҚР Конституциясына өзгерістер енгізуге қатысты өз болжамын жасағанын хабарлады.

«Алдағы реформалар аясында Жоғарғы сот өз болжамын жасады, бұл ең алдымен сот құрылысы, сот ісін жүргізу, сот жүйесінің Үкіметпен, Парламентпен және басқа мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасы бағыттары бойынша болжамдар», - деп мәлімдеді Жоғарғы сот төрағасы.

Қ. Мәми атап өткендей, судья болуға үміткерлердің еңбек өтілі бойынша қойылатын талаптарға қатысты 79-бапты өзгерту ұсынылды.  

«Өткен жылы біздің конституциялық заңымызға толықтырулар енгізілген болатын, оларға сәйкес судья лауазымына үміткерлердің еңбек өтілі мен жасы бойынша қойылатын талаптар іс жүзінде өзгертілді. Осы нормалардың келіспеушілігін жою үшін біз ҚР Конституциясының 79-бабына өзгерістер енгізуді ұсындық», - деді Қ. Мәми.

Сондай-ақ ол кассациялық инстанция функцияларын сотқа беруге, сот бақылауын күшейтуге және прокуратура функцияларын қысқартуға қатысты 81 және 84-баптарға өзгерістер енгізу ұсынылғанын атап өтті.

«Сіздердің әрқайсысыңыз тәжірибелі судья және заңгер ретінде Конституцияға өзгерістер енгізуді ұсына аласыздар», - деді Қ. Мәми.

Оның айтуы бойынша, ұсынылған түзетулер ел Президентіне баяндалды.

«24 қаңтарда жұмыс тобының отырысына Мемлекет басшысы қатысты. Оған осы мәселе бойынша алдын ала ұсыныстар баяндалды. Атап айтқанда, бұл ел конституциясының жекелеген нормаларын түзетуге қатысты», - деп қорытты Қ. Мәми.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы 2017 жылғы 25 қаңтарда өкілеттіктерді билік тармақтары арасында қайта бөлу мәселелері бойынша үндеу жасаған болатын. Оның негізгі мәні Президенттің өзінің бірқатар өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке беруінде. 




Яндекс.Метрика