Өңірлер

Қапшағайда өнеркәсіптік өнім көлемі 49,7 млрд теңгені құрады (ФОТО)

Қапшағайда өнеркәсіптік өнім көлемі 49,7 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков тұрғындар алдында қорытынды есепті жиынында мәлімдеді.
Алматы 26 Қаңтар, 17:48

Қала әкімі Т. Қайнарбеков 60 мыңнан астам тұрғыны бар Қапшағайда өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, алдағы жоспарлары туралы баяндады. Оның хабарлауынша, өткен жылы өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 50 млрд. теңгеге жуықтап, 2015 жылмен салыстырғанда 132,3 % құраған.

Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 22,8 млрд. теңгеге жетіп, оның ішінде бюджеттен тыс инвестиция 51,2% болды. Жүзеге асырылған жобалардың ішінде «АННАР» жел электр станциясы, «Грин Лэнд Алатау» ЖШС мен «LSTmarket» жылыжайларын кеңейтудің 2-ші кезеңдерін атап өтуге болады. Аталмыш жобаларды жүзеге асыру барысында 145 жаңа жұмыс орны құрылған.

Қазіргі кезде өнеркәсіп өндірісі әлеуетін арттыру мақсатында қаланы бірнеше секторға бөліп қарастырып, дамыту жоспарланып отыр. Олар: Қапшағай өңірі, Заречный ауылдық округі және «Арна» индустриалды аймағы.

Сонымен қатар шағын және орта бизнесті, туризмді дамыту қала экономикасын құрайтын негізгі салалардың бірі. Бүгінгі күні қалада 3408 шағын және орта бизнес нысаны болса, онда 16,3 мың адам жұмыс істейді. Олар өткен жылы олар шығарған өнім мен көрсеткен қызмет көлемінің құны  12,2 млрд. теңге болды. Бұл бюджет түсімінің 60 % құрап отыр.

Қапшағай су қоймасы аумағында туризм инфрақұрылымының 187  нысаны орналасқан. Ол жерлерде 9 қонақ үй, 8 ойын ғимараттары, 3 слод-клуб қызмет көрсетеді.  Алдағы уақытта туризмді дамыту мақсатында көл жағалауларын дамыту, сапалы қызмет көрсету, қолжетімді демалыс аймақтарын қалыптастыру жұмысы жандандырылатын болады.

265 млн. теңгеге екі жағажайдың пилоттық жобасы дайындалған. Іле өзенінің жағалауында балық аулау мен демалысты ұйымдастыру мақсатында «Эксим Коммерс Групп» ЖШС базасын ашу жоспарланған. Оған тартылатын инвестиция сомасы 20,0 млн.теңгені құрап, 35 жұмыс орны ашылады деп көзделіп отыр.

 





Яндекс.Метрика