Халықаралық интеграция

Н.Нығматулин: Қазақстан мен Беларусь ынтымақтастықтың салмақты нормативтік-құқықтық базасын әзірледі

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Анатолий Ничкасовты қабылдап, екіжақты қарым-қатынасты дамытудың өзекті сұрақтарын талқылады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Астана қаласы 26 Қаңтар, 16:34

Н.Нығматулин атап өткендей, Беларусь Республикасы Қазақстанның маңызды саяси және сауда-экономикалық әріптесі болып табылады.

Қос мемлекеттің өзара байланысы бүгінгі күні достық-бауырмалдық деңгейге жеткен. Осы жолда екі елдің Президенттері Нұрсұлтан Әбішұлы мен Александар Григорьевичтің рөлі айрықша.

Биыл біздің елдеріміз арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 25 жыл толады. Осы уақыт ішінде елдер көшбасшыларының өзара түсіністік пен сенімге негізделген бірлескен жұмысы нәтижесінде 70-тен астам екіжақты құжаттарға қол қойылды.

Сондай-ақ, Қазақстан ТМД аясында Беларусияның негізгі сауда әріптестерінің үштігіне кіреді. Мәжіліс Төрағасы өткен жылы 2017-2018 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарының жасалғанын айта келіп, өзара тиімді әріптестіктің алдағы уақытта барлық салада сындарлы жалғасын табатындығын сөз етті.

Палата Спикері Қазақстан Президентінің мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға қатысты үндеуіне де ерекше назар аударып, Елбасы бастамалары мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтуге бағытталғанына тоқталды.

Өз кезегінде елші Беларусь мемлекетінің Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан бағдарламаларға мұқият назар аударатынын айта келіп: - бізге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тиімді, тұрақты, заманауи басқару жүйесін құру жолындағы реформалалары үлгі боларлық,-деді.

Одан әрі кездесу иелері парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің басым бағыттарына назар аударды.
 





Яндекс.Метрика