Парламент

Сенат Сот-сараптама қызметі туралы заңды қабылдады (ФОТО)

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен болған Сенаттың отырысында төрт заң жобасы қаралды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан 26 Қаңтар, 15:49

«Сот-сараптама қызметі туралы» заң қабылданды. Бұл заң сот сараптамасын жүргізу жөніндегі мемлекеттік міндетті денсаулық сақтау жүйесінен Әділет министрлігіне беруді көздейді. Еліміздің Сот сарапшылары палатасын құру арқылы мемлекеттік емес (жеке) сот сарапшылары қызметі институтын одан әрі дамыту көзделіп отыр. Одан басқа, сот сараптамасын жүргізу үдерістеріне қатысушы азаматтар мен ұйымдардың құқықтық қорғалуын арттыруға бағытталған шаралар қарастырылған. Заң лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын сот-сараптама органы мен оның басшысының, сот сарапшыларының құқықтары мен міндеттерін реттейді.

Сот сараптамасын жеке дара, комиссиялық және кешенді түрде жүргізудің ерекшеліктері реттеледі. Оларды жүргізудің негіздері, зерттеу нысандары, жүргізу мерзімдері, сарапшы қорытындысының мазмұнына қойылатын талаптар белгіленді. Заң ережелерінде сараптама жүргізілетін адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне кепілдіктер белгіленген. Сондай-ақ отырыста заңнамаға сот-сараптама қызметі мәселелері бойынша түзетулер енгізу екінші оқылымда қаралып, қабылданды. Бұл құжаттың ережелері заңнаманы «Сот-сараптама қызметі туралы» заңның ережелерімен сәйкес келтіруге бағытталған.

Заңмен Қылмыстық-процестік және Азаматтық процестік кодекстерге, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс пен Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары туралы», «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңдарға түзетулер енгізіледі. Сенаторлар «Жайылымдар туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарап, құжатты түзетулермен Мәжіліске жіберуге шешім қабылдады. Республикалық маңызы бар қала мен астана аумағы шегіндегі шалғайдағы жайылымдарды пайдалану жөніндегі қатынастарды реттейтін ережелер алынып тасталынды. «Аридтік жайылымдар», «жайылымдардағы жемшөп мөлшері» және «жайылымдарды суландыру» секілді ұғымдар енгізілді; жайылым аумақтарындағы су көздерінің тізімі нақтыланды; бір облыстың аумағындағы жайылымдарды екінші облысқа пайдалануға беру туралы жер қатынастарын реттейтін Жер кодексіндегі ережелер сәйкестендірілді.

Регламентке сәйкес «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да Мәжіліске жіберілді. Жер кодексі жер қорындағы жердің жекелеген санаттарын құқықтық реттеудің ерекшеліктеріне қатысты ережемен толықтырылды, сондай-ақ жер учаскелері пайдалынылмаған жағдайда оны алып қою ережелері нақтыланды. Отырыс барысында сенаторлардың депутаттық сауалдары жария етілді.

Олардың ішінде Серік Бектұрғанов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (уақытша тіркеу мәселелері) туралы; Рашит Ахметов Жаңақала су құбыры топтамасының құрылысына және Киров-Чижин арнасын жаңғыртуға қаржы бөлу туралы; Ольга Перепечина дәрігерлік қызмет көрсету мен дәрігерлердің штаттарын білім беру жүйесінен денсаулық сақтау жүйесіне беруге байланысты туындаған өзекті мәселелер туралы; Мұрат Бақтиярұлы жабайы жануарлардың кейбір түрлерін аулауға тыйым салу туралы; Жабал Ерғалиев Көкшетау қаласындағы отандық «Қазақстан агро инновациялық корпорациясының» ұсыныстары туралы; Әли Бектаев жергілікті полиция қызметінің жұмысын ұйымдастырудағы мәселелер туралы сауал жолдады.

 





Яндекс.Метрика