Мемлекеттік басқарудың жаңа түрі

Қ.Тоқаев: Конституцияға өзгерістер енгізу елдегі демократиялық процестерді жетілдіруде жаңа кезең болмақ

Конституцияға өзгерістер енгізу еліміздегі демократиялық процестерді жетілдіруде жаңа кезең болмақ, деді Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат отырысы барысында.
Астана қаласы26 Қаңтар , 11:07

«Өздеріңізге белгілі болғандай, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Президент, Үкімет және Парламент арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мақсатында Конституцияға өзгерістер енгізу мәселесі бойынша Қазақстан азаматтарына арнайы үндеу жасады. Президент өз өкілеттіктерінің бөлігін биліктің атқарушы және заңнамалық тармақтарына беру бойынша бастама жасады», - деді Сенат Төрағасы.

Оның айтуы бойынша, Мемлекет басшысының өз құзыреттерін билік тармақтарына ерікті түрде беруі – бұл әлемдік саяси өмірде сирек орын алатын жағдай.

«Конституцияға өзгерістер енгізу еліміздегі демократиялық процестерді жетілдірудегі және жалпы мемлекетіміздің дамуындағы жаңа кезең болмақ. Біздің саяси жүйе «Күшті Президент – Беделді Парламент – Есепті Үкімет» тұжырымдамасына негізделетін болады. Сенат депутаттары халық арасында Президент Үндеуін белсенді түрде насихаттау бойынша ауқымды жұмыс жүргізетініне сенімдімін», - деп қорытты Қ. Тоқаев.




Яндекс.Метрика