Халықаралық интеграция

Қазақстан мен Франция дипломатиялық қатынастардың 25-жылдығын атап өтті

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Францияның Қазақстандағы Елшісі Франсис Етьен Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 25 жыл толуына орай бірлескен баспасөз конференциясын өткізді.
Әлемде 26 Қаңтар, 14:57

Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, тараптар екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің дамуына ризашылықтарын білдірді және Астана мен Париждің оны одан әрі күшейтіп, кеңейтуге өзара бейілдігін растады.

Өз сөзінде Р. Василенко екі елдің саяси тұрғыдан өзара түсіністіктің жоғары деңгейіне жеткенін атап өтті. Париж Астананың негізгі өңірлік және халықаралық бастамаларын қолдайды. 

Франция Президенті Франсуа Олландтың Қазақстанға 2014 жылғы желтоқсандағы мемлекеттік сапары және Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияға 2015 жылғы қарашадағы ресми сапары соңғы жылдардағы маңызды оқиғалар болды.

25-жылдық ынтымақтастық кезеңі ішінде құрылған ауқымды шарт-құқықтық базаның ішінде 2008 жылы қол қойылған Стратегиялық әріптестік туралы шарт ерекше орын алады.

Мәдени байланыстар кеңейіп, халықтарымыз арасындағы достық нығаюда. Ғылым саласындағы ынтымақтастық жаңа серпінге ие болды – 
2014 жылы Алматыда «Сорбонна» француз университетінің әлемде екінші, ал Орталық Азияда бірінші филиалы ашылды.

Ф. Етьен екі ел үшін 25 санының ерекше мағынасын атап өтіп, Парижде қазақ әуенінің алғашқы рет 1925 жылы «ЭКСПО-1925» көрмесі аясында шырқалғанын хабарлады. Ал 2016 жылы генерал Шарль де Голльдің «Байқоңыр» ғарыш айлағына барғанына 50 жыл толды.

Француз дипломаты Франция Президенті Ф. Олландтың Қазақстан Президенті Н. Назарбаевқа Қазақстан мен Франция арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25-жылдығына орай жолдаған құттықтау жолдауын оқып шықты. Хатта француз көшбасшысы V Республиканың Қазақстан-француз стратегиялық әріптестігіне бейілдігін растайды.

Баспасөз конференциясының қорытындысы бойынша Р. Василенко мен Ф. Етьен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

 

 





Яндекс.Метрика