Мәдениетті жаңғырту

Астанада француз суретшісінің фотокөрмесі ашылды (ФОТО)

Әлемге танымал француз фотосуретшісі Жан-Франсуа Розье өткен жылы Қазақстан елордасына алғаш келіп, «Гипер Астана» деп аталатын экспозиция әзірлеген. Оның жұмыстарында бас шаһардың көрікті ғимараттары әдеттен тыс қызықты ракурстарда бейнеленген, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
Нұр-Сұлтан 26 Қаңтар, 10:49

 Суреттерде адамдар жоқ, тек құпияға толы Man in black қана. Астананы мұндай бейнеде әлі ешкім көрмеген болар. 

Қара киім киген адам  фотографтың альтер эгосы, оның өзі әр суретінде сырттан бақылаушы ролінде. Жан-Франсуа туындыларын графикалық бағдарламаларды пайдалана отырып жасайды. 

Суретші Астананы фотоға түсіру жұмыстарын өткен жылдың мамыр айынан бері жүргізген, нәтижесінде елордадағы 40-қа жуық ғимарат оның объективіне ілігіпті. Көрмеге 30 жұмыс ұсынылды.

 

«Барлығы Бейбітшілік пен келісім сарайынан басталады. Ғимарат айнаның арғы жағындағы әлемге ұқсайды, осы жерде Норман Фостердің командасына да орын табылыпты, оның өзі және басқа сәулетшілер бар. Суретшінің туындыларынан жануарларды жиі байқауға болады, адамдарды сирек көреміз. Тек құрылысы жүріп жатқан ЭКСПО қалашығында ғана адамдар бар. Ол климаты қатал елордада еңбек етіп жатқан құрылысшыларға құрмет білдіргісі келгендей», - дейді «Гипер Астана» көрмесінің кураторы Дина Байтасова.

Бір фотосуретті дайындауға бірнеше күн уақыт кеткен. Автор ғимараттың әр бөлігін жеке-жеке түсіріп, кейін бір суретке біріктіреді. Ол құрылыстың судағы көрінісін жиі пайдаланады, ал кейде нысанды құпия өрнекке айналдырып, мультипликациялайды.

«Бүгінгі фотография белгілі жоспарлы, перспективаны көрсетеді, ал Жан-Франсуа Розье суретші ретінде өзінің көргенін жеткізеді. Фотоөнер жалғыз ракурс жасауға мүмкіндік береді, сондықтан ол өзінің көргенін бір суретке топтастырып, адам көзінің мүмкіндігін кеңейтеді, қиялға жетелейді, шындықты әсірелейді, қаланың сюрреалистік бейнесін жасайды», - дейді Дина Байтасова.

 

Постмодернист суретші Версаль, Ыстамбұл, Барселона, Бразилиа, Баку және тағы басқа қалаларды өз шығармашылығына арқау қылған. Ал Жан-Франсуа Розьенің Астанасымен Бейбітшілік және келісім сарайында 12 ақпанға дейін танысуға мүмкіндік бар. 





Яндекс.Метрика