Мемлекеттік басқарудың жаңа түрі

Қазақстанды нақты саяси реформалар күтіп тұр - саясаттанушы

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық телеарналар арқылы Қазақстан халқына жолдаған үндеуінде Қазақстанда Үкіметті жасақтауда Парламенттің рөлі күшейтілетінін мәлімдеді. Мемлекет басшысының билік тармақтарының арасында өкілеттіктерді бөлуге қатысты Қазақстан халқына жасаған үндеуіне қатысты бірқатар саясаттанушылар өз пікірлерін білдірді.
Астана қаласы25 Қаңтар , 22:16

 «Әлем өзгеріс үстінде. Қазақстан да өзгеріп жатыр. Елімізге тиімді мемлекеттік басқару жүйесін енгізу қажет. Бұл туралы өзінің жалпыхалықтық үндеуінде айтып өтті. Яғни енді Үкімет пен Парламентке үлкен жауапкершілік жүктелмек. Үкімет халықтың алдында әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін жауапты болады. Ал Парламент үлкен күшке ие бола отырып, бұл мәселелердің қалай шешілетіндігін бақылайды», – деді танымал  саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының билік тармақтарының арасында өкілеттіктерді бөлуге қатысты саясаттанушы Ерлан Сайыров та  өзінің  пікірін алға тартты.  

«Елбасының үндеуін мұқият тыңдап шықтық. Бұл  өзгеріп жатқан әлемге жаңа көзқарас. Біз нақты саяси реформалардың алдында тұрмыз. Үкімет парламентпен бекітілетін болады. Ең негізгісі Үкімет Парламенттің алдында отставкаға кетеді. Яғни билік тармақтарының арасындағы қарым-қатынастың форматы өзгереді»,- деді ол.

Саясаттанушының пікірінше, бұл бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі.

«Ең негізгісі осы процеске қоғам, халық, еліміздің әр түрлі қоғам өкілдерін жан-жақты тарту керек. Яғни, жалпыхалықтық талқылау болуы керек. Сонда бұл реформа оңтайлы жүзеге асады»,- деп түйіндеді  Е.Сайыров.

Айта кетейік, Елбасы өзінің үндеуінде Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беретінін айтты. Мемлекет басшысы бұл салаға Үкімет, министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап беретін болады деп отыр. Өкілеттіктерді беру тиісті Заңдарды өзгерту арқылы іске асады.




Яндекс.Метрика