Қазақстандық үлгі Тәуелсіздігіміздің игілігі

Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлін күшейту қажет – Н.Назарбаев

Алдағы уақытта ҚР Констицуциясы мен кейбір заңдарына өзгерістер енгізіледі. Еліміз президенттік басқару жүйесінен парламенттік басқару жүйесіне өтеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев республикалық арналар арқылы жолдаған үндеуінде мәлімдеді.
Нұр-Сұлтан25 Қаңтар , 22:10

«Сіздердің назарларыңызға еліміз үшін аса маңызды мәселені ұсынып, жария етпекпін. Бұл - ҚР Конституциясы мен заңдарына өзгеріс енгізу. Біздің алдымызда билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу міндеті тұр. Қазір заманның дидары өзгерді. Біз де өзгеруге  тиіспіз. Сол себепті мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді. Мен елдің мүддесіменен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып, осындай байлам жасадым. Арнайы құрылған жұмыс тобы атқарылған істерді баяндады», - деді ол.

Сонымен қатар, Президент мемлекеттік басқару жүйесіне енген  өзгерістер екі бағыт бойынша жүргізілетінін атап өтті.

«Реформа екі негізгі бағыт бойынша іске асырылады. Біріншіден, президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттерін үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берген жөн деп санадым.Сонда бұл салаға үкімет, министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап беретін болады. Өкілеттерді беру тиісті заңдарға  өзгерту енгізу арқылы іске асатын болады. Бұл өзгерістерді үкімет қазіргі ҚР Парламенті сессиясының аяғына дейін енгізуі тиіс.
Екіншіден, мұндай күрделі міндет билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде жүргізуі керек. Осы реформа  аясында үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлін күшейтеміз.Парламент сайлауында жеңген Партия үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады. Бұл министрлер кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттырады», - деді Елбасы.

Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев аталған мәселелер бойынша арнайы жұмыс тобы құрылғандығын айтты.

«Тиісінше, биліктің заң шығарушы тармағы атқарушы билікке бақылауды күшейтетін болады. Айтылған осы екі бағыттың қай-қайсысы да жауапкершілік пен кәсібилікті арттыру арқылы мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейтеді. Жұмыс тобы барлық сұрақты жан-жақты зерттеп, қоғамдық талқылауға шығару үшін ұсыныстар әзірлеуі қажет», - деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.

 




Яндекс.Метрика